Депутат университеттердегі оқу ақысын көтермеуді сұрады

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында университеттердегі оқу ақысын көтеруді шектеуді сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың мәліметінше, 2021-2022 оқу жылы 170 мыңнан астам түлек мектепті бітірсе, 56 мыңнан астам талапкер бакалавр бойынша мемлекеттік грантқа ие болған. Ал 2022-2023 жылы 172 түлек бітірсе, 73 мыңдай грант бөлінді.

Бұл мектеп бітірушілерін жоғары оқу орындарына бөлінетін грантпен қамтамасыз ете алмай отырғанымызды көрсетеді. Колледждерге түсетіні де бар дейік. Солай бола тұра жыл сайын ақылы оқуға тапсыратындар аз емес. Жоғары оқу орындарында ақылы білім алуға қарапайым халықтың қалтасы көтере ме? Мәселе осы жерден туындайды, - дейді Балабиев.

Ол елдегі университеттердің бір жылдық оқу ақысын салыстырып көрді.

  • Назарбаев университетінде бір жылдық оқу ақысы 7,5-9 миллион теңге.
  • КИМЭП университетінде 4,1 миллион теңге.
  • Қазақ-Британ техникалық университетінде – 2,4 миллион теңге.
  • Сүлеймен Демирел атындағы университетте 2,1 миллион теңге.
  • Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінде 
    1,6 миллион теңге.
  • Мақсұт Нәрікбаев университетінде – 1,5 миллион теңге.
  • Сәтбаев университеті мен Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінде – 1,4 миллион теңге.
  • Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде – 1,3 миллион теңге.
  • Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде – 
    1,1 миллион теңге.
  • Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар университетінде 1 миллион теңге дейін.

Бұл – бұл ма? Университеттер талапкермен келісім-шартқа отырған кезде, инфляция деңгейіне қарай оқу ақысы көтерілелі деген тарау қосады. Бұл тұтынушылардың құқығын шектеумен тең емес пе? Қыркүйек айында 1 миллион теңгемен келісім жасаған студенттер оқу жылы аяқталғанға дейін 100-200 мың теңге қосып төлеуге мәжбүр болады. Осы уақытта оның ата-анасының жалақысы көтерілсе жақсы ғой! Бірақ ондай үдерісті байқап отырғанымыз жоқпыз. Бұл – әлеуметтік тұрғыда әділетсіздік саналады, - деп айтты Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев. 

Депутат бұл жағдайды Ғылым және жоғары білім министрлігі қатаң бақылауы тиіс деп есептейді.

Ол депутаттық сауалында жатақхана мәселесін де көтерді. Сөзінше, елімізде студенттерге жатақханадан орын жетіспейді. Жоғары оқу орындары ақысының қымбат болуы және жыл сайын негізсіз көтерілуі студенттер мен олардың ата-анасының әлеуметтік жағдайын қиындатады.

Депутат мынадай ұсыныс айтты:

Біріншіден, жоғары оқу орындарындарындағы оқу ақысын бақылауға алуды;

Екіншіден, бір оқу жылында ақылы білім алуды бірнеше рет көтеруді шектеуді;

Үшіншіден, жатақханамен қамтуды және онда тұру ақысын қайта қарауды ұсынды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы