Депутат Ұлттық валютаны Конституцияда нақты бекітуді ұсынды

Конституциялық комиссияның кезекті отырысы Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Ұлттық валюта мәртебесін Конституция деңгейінде бекітуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Теңге – Қазақстанның өз даму бағытын таңдағанын, қаржылық және институционалдық тұрғыдан дербес мемлекет ретінде орныққанын көрсететін танымал әрі мағыналы нышан. Осы себепті ұлттық валюта қаржы жүйесінің элементі болумен қатар, мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын білдіретін символдық мәнге ие, - деді депутат.

Айдарбек Қожаназаров Ұлттық валютаның мәртебесін Конституцияда бекіту Қазақстанның экономикалық дербестігін айқындауға мүмкіндік береді деп санайды.

Бұл теңгенің институционалдық маңызын Ата заң деңгейінде нақтылап, қаржы-валюта айналымы саласындағы мемлекеттік саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ұзақмерзімді перспективада қаржылық және макроэкономикалық тұрақтылықтың құқықтық негіздерін нығайтады, - деді ол.

Мәжіліс депутаты жаһандық қаржылық архитектураның өзгеруі, сондай-ақ халықаралық деңгейде балама есеп айырысу тетіктері мен жаңа төлем құралдарының кең көлемде талқылануы жағдайында ұлттық валюта мәселесін нақты әрі айқын реттеудің маңызы артып жатқанын айтты.

Мұндай кезеңде мемлекеттің өз валютасына қатысты ұстанымын ең жоғары құқықтық деңгейде бекіту ерекше өзектілікке ие, - деді депутат.

Қожаназаровтың айтуынша, Ұлттық валютаның мәртебесін Конституцияда бекіту:

- ол экономикалық дербестікті нақтылайды;

- теңгенің институционалдық маңызын күшейтеді;

- қаржы саясатының сабақтастығын қамтамасыз етеді;

- әртүрлі алып-қашпа пікірлердің алдын алады.

Қазір теңге мәртебесі заңмен реттелген. «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» заңға сәйкес ұлттық валюта – теңге. Алайда әлемдік қаржы жүйесі өзгеріп жатқан жағдайда бұл мәселені Конституция деңгейінде нақтылау аса маңызды деп ойлаймын, - деді ол.

Депутат бұл халықаралық тәжірибеде бар дүние екенін атады.

Түркия, Грузия, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан Конституцияларында қаржы жүйесіне қатысты нормалар көрсетілген. Кейбір мемлекеттер ұлттық валютаның мәртебесін тікелей өз Конституцияларында нақты көрсетіп отырғанын байқауға болады. Бұл олардың экономикалық егемендігі мен қаржылық дербестігін ең жоғары құқықтық деңгейде бекітуге ұмтылысын білдіреді, - деді ол.

Айдарбек Қожаназаров бірқатар елдерді мысалға келтірді. Мәселен, Әзербайжан Республикасы Конституциясына сәйкес, Әзербайжан Республикасының ақша бірлігі ретінде манат белгіленген. Армения Конституциясында ұлттық валютаның армян драмы екені тікелей жазылған. Ал Қырғызстан Конституциясында Қырғыз Республикасының ұлттық ақша бірлігі сом деп нақты көрсетілген.

Осы мысалдардың барлығы ұлттық валютаны Конституцияда бекіту халықаралық тәжірибеде қалыпты әрі кең таралған құбылыс екенін дәлелдейді. Мұндай тәсіл мемлекеттің экономикалық негіздерін нығайтып қана қоймай, ұлттық валютаға қатысты кез келген күмәнді пікірлер мен даулы талқылаулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан Конституцияда «Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге» деп нақты бекіту өте орынды деп санаймын. Осыған байланысты аталған түзетуді Конституция жобасына енгізуді Комиссия қарауына ұсынамын, - деп қорытындылады депутат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы