Депутат Ұлттық құрылтайға қатысты ойын айтты

Мәжіліс депутаты Марат Башимов Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерілген мәселелерге қатысты ойын білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң және тәртіп – бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен үшінші Ұлттық құрылтайда көтерген маңызды қағида. Ол әрдайым өзекті және маңызды болып қала береді. Қоғамдағы кез келген мәселені талқылауға болады, бірақ оның шешіміне апаратын жол әрқашан заңнамалық реттеуді қажет етеді. Ең бастысы – заңдардың міндетті түрде орындалуын қамтамасыз ету, бұл барлық азаматқа бірдей талап болуы тиіс, - деді депутат.

Марат Башимов айтқандай, адам құқықтары бар, бірақ оларды сақтау үшін құқық үстемдігі қағидасы басым болуы керек. Бұл жерде мемлекеттің мәжбүрлеу күші үлкен рөл атқарады – бұл бүкіл өркениетті әлемнің тәжірибесі.

Заң және тәртіп әрқашан жеке және қоғамдық қауіпсіздікпен байланысты. Балалардың қауіпсіздігі, көшедегі, мектептегі қауіпсіздік – барлығы осы қағиданың негізінде жүзеге асады. Сондықтан "Заң және тәртіп" қағидасы қазіргі уақытта бұрынғыдан да өзекті болып отыр, - деп айтты ол.

Марат Башимов жасанды интеллект мемлекеттік сатып алудағы жемқорлықты жоюға көмектеседі деп санайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдағы маңызды әрі мазмұнды сөзінде құқық үстемдігі, Конституция және оның заңдарының маңыздылығын негізгі қағида ретінде атап өтті. Бұл алдағы ішкі саясат тұжырымдамасында да көрініс табады. Мемлекет басшысы қоғамдағы түрлі салаларға қатысты бірқатар заң қабылдауды ұсынды. Олардың қатарында ерекше қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын қорғау және адам құқықтарын сақтау мәселелері бар, - деді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, жасанды интеллект (ЖИ) мемлекеттік сатып алулардағы жемқорлықпен күресуге көмектеседі, сондай-ақ басқа да салаларда тиімді қолданылмақ.

Жемқорлыққа қарсы күрестің тағы бір тиімді әдісі – Сот сараптамалары орталығын тікелей Қазақстан Президентіне бағындыру. Себебі сараптамалардың объективтілігі мен әділдігі қарапайым азаматтардың тағдырына тікелей әсер етеді. Адами капиталды дамыту аса маңызды. Жоғары технологиялар, озық цифрлық шешімдер, жаңа технологиялық құрылым – мұның барлығы үлкен энергия шығынын талап етеді. Осыған байланысты жаңа энергетика саласын қалыптастыру және үш жаңа электр станциясын салу қажеттігі туындап отыр, - деді Башимов.

Сонымен қатар депутат ел үшін маңызды әрі болашақ ұрпаққа пайдалы көптеген оң өзгерістерді қолдау керегін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Видеодан скрин
Өзгелердің жаңалығы