Депутат Үкіметтен киікке қатысты шара қабылдауды талап етті

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында киіктерге қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, табиғи тепе-теңдікті сақтау жолында Үкіметтің әрекетсіздігі ауыл шаруашылығына орны толмас зиян келтіріп отыр.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда киік популяциясының күрт өсуі ауыл шаруашылығына кері әсер етіп, экожүйеге артық салмақ түсіріп жатқанын атап өтті. Бұл мәселе бір күнде пайда болған жоқ – аймақтардан атқарушы билікке жолданған жүздеген өтініш пен талап-арыз Үкімет тарапынан жылдар бойы елеусіз қалып келеді.
2023 жылы БҰҰ жанындағы Жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлері комитетінің (CMS) сарапшылары арнайы келіп, Батыс Қазақстан облысының аудандарын аралады. Зерттеу нәтижесінде ҚР Үкіметіне нақты ұсыныстар жасалды, олардың бастысы – жергілікті халық пен киік арасындағы қақтығысты шешу. Алайда, Үкімет күнібүгін бұл ұсыныстарды орындау бойынша нақты бір іс-әрекетке көшкен жоқ, - деді Абзал Құспан.
Осыған байланысты депутат Үкіметтен талап етті:
1. Киік популяциясын реттеу бойынша нақты шаралар қабылдауды, атап айтқанда:
• Биыл киік санын реттеу жұмыстарын жүргізу туралы ресми шешім қабылдап, оның әдістері мен экологиялық негіздемесін жариялауды;
• Киік популяциясын реттеу бойынша жауапты бір мемлекеттік органды белгілеуді және оның нақты іс-шараларын бекітуді.
Осы жерде айта кететін бір мәселе – Кеңес Үкіметі кезінде киіктің еті де, терісі де пайдаға асты, олардың саны соңғы кездегідей күрт өзгерістерге ұшыраған жоқ, оның басты себебі – киік үшін жауапты нақты бір мекеме болғандығында. Киік өнімін халық шаруашылығына пайдаланылуын, азайып кетсе де, көбейіп кетсе де жауап беретін бір ғана мекеме еді. Ал қазірше? Киікті қорғайтын мекеме өз алдына, ал атуға, лицензиясы бар кез-келген аңшыны құқылы қылып қойдыңыздар. Одан қала берді, етін, терісін пайдаланылуын немесе ғалымдармен жұмысты үйлестіріп отыратын жауапты нақты бір ұйым, мекеме жоқ, - дейді мәжілісмен.
2. БҰҰ комитетінің ұсыныстарын орындауды, оның ішінде:
• CMS сарапшыларының 2023 жылғы ұсыныстарын орындау бойынша нақты жоспарды бекітіп, оның орындалу мерзімдерін белгілеуді;
• Ұсыныстардың қай бөлігі жүзеге асатынын және қайсысы ескерусіз қалғанын ресми түрде түсіндіруді;
• Бұл мәселені шешуге қарастырылған қаржыны жариялауды.
3. Жауапкершілік мәселесі, нақты айтқанда:
• Киік популяциясын реттеу бойынша кешенді саясат үшін жауапты тұлғаларды белгілеп, олардың есебін тыңдауды;
• Министрліктер арасындағы үйлестіру жұмыстарын күшейтіп, аталған мәселе бойынша нақты жауапкершілік жүктеуді;
• Ауыл шаруашылығына келген залалды өтеу механизмін әзірлеп, оның іске асу тетіктерін жариялауды.