Депутат Үкіметке отандық өнімді қолдайтын ұсыныс айтты
Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов отандық кәсіпкерлердің өнімін қорғауға қатысты Үкімет басшысына сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол AMANAT партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасында отандық өндірісті дамыту, бизнестің айналымдағы қаржысын қамтамасыз ету, қазақстандық өнім шығарушының, қазақстандық ұстанымға ұмтылысын қорғау қаралғанын еске салды.
Депутат өз сауалында мал жүнінен сапалы жамылғыларды дайындайтын отандық кәсіпкерлердің өнімін қорғауға қатысты мәселені көтерді.
Атырауда Италия технологиясымен жылына 300 тонна қойдың, 100 тонна түйенің жүнін тазалап, бояп, иіріп дүниежүзілік стандартқа сәйкес жамылғы шығаратын өндіріс кешені сұраныстың төмендігінен қаржылық қиындық көріп отыр. Себебі теміржол, балабақша, аурухана, мектеп интернаттары, демалыс орындары бағасы әлдеқайда төмен синтетикалық жамылғылар сатып алып жатыр. Ол жамылғылар шет елдерден келеді. Бұл жерде коррупциялық қызығушылық та құр емес, - деп айтты Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Айтуынша, партия бағдарламасында мемлекеттік сатып алу кезінде айқындаушы көрсеткіш баға ғана емес, оның сапасы да болуы керек екені айтылған.
Сатып алу шартында, экологиялық табиғи материалдан жасалған жамылғы болуы керек екені көрсетілсе, отандық тауар өндірушілердің өнімдеріне сұраныс жоғары болар еді. Елімізде мал жүнін пайдалану аса маңызды екенін ескеріп, мемлекеттік сатып алу заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізгенде отандық өнімді қолдайтын осындай ұсыныстарды ескеруді сұраймын, - деді депутат.