Депутат Үкіметке БЖЗҚ-ның «жеткіліктілікті шегін» қайта төмендетуді ұсынды

Бұл туралы депутат Аманжан Жамалов Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, елімізде ересек адамның екі негізгі проблемасы бар. Ол – зейнетақыға дейін қалай жету, одан кейін сол зейнетақыға қалай өмір сүру. 

Сол үшін Президент 1 қыркүйектегі Жолдауында зейнетақы жүйесін қайта ретке келтіруді тапсырған болатын. Әсіресе бұл оның жинақтаушы құрауышына байланысты. 2013 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылған соң оған барлық жекеменшік қорлардың есептері берілді. Осылай бәрін бір арнаға шоғырландыру зейнетақы жинақтарын барынша тиімді басқаруға мүмкіндік беріп, ал олардың бір бөлігін нақты экономиканы несиелеуге бағыттауға болады деп күтілді. Алайда 9 жыл өткен соң ешқайсысының жүзеге аспағандығы туралы тұжырым жасауға тура келіп отыр, - деп атап өтті мәжілісмен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Белгілі болғандай, БЖЗҚ соңғы 12 айдағы табысы 7,5 пайызды құрады. Осы орайда инфляция 18 пайыздан асып жығылды. Демек, нақты табыс теріс екендігі белгілі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімді басқаруға 4 басқарушы компанияны тартты. Оларға 9 млрд теңгеге берілді, бұл барлық зейнетақы жинақтарының 1 пайызына да жетпейді. 

Шынтуайтына келгенде, бұл жекеменшік зейнетақы қорлары емес, брокерлік компаниялар. Президенттің тапсырмасы пішіні де, мазмұны да жағынан да ресми түрде ғана орындалды деуге болады. Осыған байланысты Үкіметтен Қаржылық нарықты реттеу агенттігімен бірлесіп зейнетақы активтерін басқару нарығын оларды жекеменшік зейнетақы қорларына беру арқылы нақты монополиясыздандыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын, - деді депутат Жамалов. 

Сондай-ақ ол азаматтардың зейнетақы жинағын қолдану мәселесін де көтерді. 

2020 жылы Мемлекет басшысы азаматтардың зейнетақы жинақтарын түрлі мақсатқа, соның ішінде тұрғынүй жағдайын жақсарту мен емге төлем ретінде жекелей алу бойынша сенімді де бірегей әлеуметтік шешім қабылдады. Ол құқықты 1,3 млн-нан астам адам қолданған. Қазақстандықтардың арнайы шотына 3,2 трлн теңге аударылды. Бұл қаржыға олар қазір бағасы шарықтап кеткен пәтер алып, денсаулықтарын дұрыстап үлгерді. Жеткіліктілік шегін көтерген соң әлемде баламасы жоқ бұл бастама құрдымға кетті, - деді мәжілісмен.

Сонымен қатар ол біздің елдің осы тәжірибесін зерттеп, қолданып жүрген мемлекеттер барын алға тартты. 

Үкіметке зейнетақы жинақтарын қолданудың жеткіліктілік шегін төмендету туралы (оны көтерер кездегі есептердің дұрыс еместігін ескере отырып) мәселені қайта қарау қажет деп есептеймін. Сондай-ақ осы тәжірибені ескере отырып жекеменшік зейнетақы қорларын тарту мен салымшылар үшін жаңа ынталандыру пакетін әзірлеу қажет. Мысалы, егер инвестициялық табыс инфляциядан асса, азаматтарға инвестициялық табыстың бір бөлігін алуға мүмкіндік беру керек, - деді Аманжан Жамалов.   

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы