Депутат: Үкімет Jusan bank олжалаған ақшаның ізіне түсе ме, әлде көзжұмбайлыққа салына ма?

Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында сыртқа заңсыз кеткен активтерді қайтару мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат еліміздің байлығын игеру ісінде «биліктің ескі жүйесі мен ұлттық табысты қайта бөлудің бұрынғы тәжірибесін тоқтататын кез келді» деп бастама көтерген «Жаңа Қазақстан» идеясы арасында қарама-қайшылық болып тұр деп есептейді.

Сөзінше, олигархиялық кланды биліктен түпкілікті кетіруді, ұрланған байлықты қайтаруды және экономиканы ел мен халықтың әлеуметтік қажеттіліктеріне қызмет етуге жұмылдыруды талап еткен Қаңтар оқиғасы ескі биліктің зардабынан пайда болды.

Депутат Бәпи капиталды қайтару ісінде түсініксіз кібіртік көп екенін айтады.

Мәселен, Латвия құқыққорғау органдары Қазақстанның жекелеген азаматтары салықтан жалтарды және Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтер есебінен Прибалтика аумағында мүлік сатып алуда деген күдік келтіріп отыр. Бұл арадағы сөз Қайрат Боранбаев тұрғысында болып отыр. Дей тұрғанмен, Боранбаев мырза жуықта жеңіл-желпі баптармен сотталды, бірақ оған қатысты өте ірі істер қалтарыс қалды. Тиісті органдар Боранбаевтың Латвия мен Еуропа елдеріндегі қызметін, оның отбасы мен компанияларына жазылған активтерді неге тексермеді? – деді депутат.

Ермұрат Бәпи Үкімет басшысы мен Бас прокурордан «Боранбаевтың келіншегі өз атына жазылған бизнес-ұшақты сатып жібергені сіздерге белгілі ме?» деп сұрады.

Маман-сарапшылардың айтуына қарағанда, бұл ұшақтың нарықтағы құны 30 млн долларға дейін бағаланады. Ол әйел мұндай сомадағы ақшаға қалай ие болуы мүмкін? Біздің елдің тиісті органдары осы сауда-саттықты біле тұра, ұшақтың қандай қаржыға сатып алынғанын анықтағанға дейін, бұл активті «мұздатып» қоюға неге әрекет жасамады? Мен бұл арада бір Боранбаевты мысалға алып, активтерді қайтару мәселесіндегі түсініксіз жағдаяттарды жалпы айтып отырмын, - дейді ол.

Сонымен бірге депутат Jusan bank-тың иелері Қазақстаннан шығарған ірі көлемдегі қаражат Батыс елдерінің бірінде «мұздатылғаны» да белгілі болғанын сөз етті.

Осыған байланысты Үкімет не істемек, тиісті тергеу органдарын жұмылдырып, Jusan bank олжалаған ақшаның ізіне түсе ме, жоқ әлде тағы да көзжұмбайлыққа салына ма? Бас прокуратура мен, атап айтқанда, комиссия төрағасының орынбасары Ұлан Байжанов мырза бұл процесті бақылауға ала ма? Бұл сұрақтарды нақтылап отырған себебім – ұрылар жымқырған қаржысын басқа жаққа тығып үлгерсін деп, бүгінгі билікте оларға мұрша беріп отырған біреулер бар сияқты көрінеді, - деп айтты депутат Ермұрат Бәпи депутаттық сауалында.

Сөзінше, депутаттар ұрланған активтерді қайтару туралы заңды бірінші кезекте қабылдауды басты мақсат етіп отыр. Осы заңның арқасында капиталды қайтаруды неғұрлым тиімдірек бақылауға ала алуға болады.

Депутат Бәпи Премьер-министр Әлихан Смайыловтан былай деп сұрады.

Сіз үкімет басына жаңадан келген басшы емессіз, бұған дейінгі Министрлер кабинетін басқардыңыз. Ендеше Президент Тоқаев наурыздың 31-іне дейін дайын болсын деп, Үкіметке тапсырған заң жобасын дайындау ісі созылып кеткенін қалай түсіндіресіз? «Қазақмыс» компаниясы қазақ халқына тиесілі қазба байлықтың 30 пайызына қалай ие болды? Сол сияқты құрамында «Назарбаевтық кланның» үлесі бар «Еуразиялық топ» халықтық байлықтың 40 пайызын қалай иемденіп кетті? Осы екі компания соңғы он жыл көлемінде қазынаға қанша салық төледі? – деп сұрады ол Мәжілістің жалпы отырысында.

Бәпи осы кәсіпорындардың өндірістік-қаржылық қызметін қадағалауы тиіс «Самұрық-Қазына» Ұлттық қоры капиталды қайтару тақырыбында қандай әрекеттер жасап жатқанын да сұрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы