Депутат Түркістан өңіріндегі кәсіпкерлер қызметінің заңдылығын тексеруді сұрады
Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев елімізде су мәселесі өзекті екенін айтып, тиісті ведомстволарға сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістан өңірінде 60-қа жуық өзен бар, ал Сырдария - трансшекаралық республикалық маңызы бар стратегиялық өзен. Өзендердің қоршаған ортаға байланысты мәселелері AMANAT партиясының бақылауында, - деп атап өтті депутат.
Оның сөзінше, еліміздегі өзендердің маңыздылығына мән беріп қауіптілігін ескермейтін кәсіпкерлер белгіленген су қорғау аймақтары мен белдеуіне кіріп, құм мен тас және өзге де пайдалы қазбаларды өндірумен табиғатқа орасан залал келтіріп жатыр.
Рұқсатсыз қазба жұмыстары салдарынан зардап шеккен Сырдария және басқа да өзендердің арнасы бұзылып, олардың суы тартылып барады. Елімізге су ресурстарының 51 пайызы көрші мемлекеттерден келетінін ұмытпауымыз керек. Оңтүстік өңірдегі жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қарсы күрес жүргізілгенімен, өзен жағалауындағы қазба жұмыстары тоқтаусыз келеді, - деді Балабиев.
Депутаттың сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Сырдария өзенінің жағалауында 100-ден аса жер қойнауын пайдаланушы карьерлер жұмыс жүргізіп келеді.
Рұқсатсыз жүргізілген қазба жұмыстарының кесірінен Сырдария мен Арыс өзендері жағалауларында 70 га дейін қазылған жер бар, ал Ақсу өзені табанынан тас алу кезінде 40 метр тереңдікте қазылған. Ғарыштық мониторингі әдістердін қолдану кезінде өзендер жағалауындағы аталған өзгерістердің болғаны анықталған.
Мәжіліс депутаты Сырдария және де басқа өзендердің бүгінгі күндегі экологиялық апаттарға ұшырау қаупі төнгенін ескеріп, бірнеше мәселені шешуді сұрады. Ол осы мәселеге қатысты депутаттық сауалын Бас Прокурор, Экология және табиғи ресурстар министрі мен Су ресурстары және ирригация министріне бағыттады.
1. Түркістан өңіріндегі өзендерінің заңмен белгіленген су қорғау аймақтары мен белдеулерінде жер қойнаулары байлықтарын қазумен айналысып жатқан барлық кәсіпкер қызметінің заңдылығын тексеріп, анықталған заң бұзушыларға қатаң прокурорлық шараларды қолдануды.
2. Түркістан өңіріндегі өзендерде қазба жұмыстарын жүргізуші кәсіпкерлер тарапынан Қазақстан Республикасы Су кодексінде көрсетілен заңдардың орындалуын және Су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу ережелерін сақтауын қатаң бақылауға алуды.
3. Өңірдегі өзендердегі пайдалы қазбаларды өндіретін әрбір карьердің Қазақстан Республикасы заңдарын орындауы туралы толық ақпаратты заңдылыққа сәйкес белгіленген мерзімде хабардар етуіңізді сұраймыз.
4. Түркістан өңіріндегі өзендерде қазба жұмыстарын жүргізуші кәсіпкерлер тарапынан Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінде көрсетілен заңдардың орындалуын және Су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу ережелерін сақтауын қатаң бақылауға алуды.
5. Өңірдегі өзендердегі пайдалы қазбаларды өндіретін әрбір карьердің Қазақстан Республикасы заңдарын орындауы.