Депутат: Тұрғындармен кездесіп, арыз-шағымдарын тыңдадым

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Премьер-министр мен Бас прокурорға сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың сауалына Алматы облысы, Қарасай ауданында қалыптасқан күрделі әлеуметтік жағдай мен ауданның мыңдаған тұрғындарының «Қазақстан бойынша табиғи газға ең қымбат тарифпен төлеп отырмыз» деген шағымдары негіз болып отыр. 

Мәжіліс депутаттарына шұғыл байланысқа шығып, хабарласқан 500-ге жуық тұрғынмен кездесу үшін 2023 жылдың 26 мамырында осында келіп, тұрғындармен кездесу өткізіп, арыз-шағымдарын тыңдадым. Мәселенің ушығып кеткені соншалықты, бұл дау шешілмесе, екі аптадан кейін мыңдаған адам жолды жауып, жаппай ереуілге шығатындарын ескертіп отыр, - дейді Толықбай.

Наразылыққа себеп - Қарасай ауданындағы Шамалған, Жандосов, Шалқар, Қайрат, Еңбекші, Құмарал, Үштерек секілді ондаған елдімекенді, сондай-ақ «Арай» және «Дархан» саяжайларын газбен қамтып отырған «Сигма Газ» ЖШС-нің қожайындары бағаны қолдан көтеріп, газдың құнын 34,75 теңгеге өсіруі болды. Ал сол жердегі басқа компаниядан газ алатын, іргесіндегі Қаскелең қаласының тұрғындары газдың бір текше метріне 26-27 теңгеден төлеп отыр. Бұл - өте үлкен айырмашылық.

Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында «Сигма Газ» ЖШС-нің қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бірнеше заңбұзушылық фактілерді анықтаған. Анықтап қана қоймай, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 164 және 167-баптарына сәйкес, «Сигма Газ» ЖШС-не қатысты 2 миллион теңге сомасына әкімшілік айыппұл салған, - деп айтты Мақсат Толықбай өз сауалында.

Сонымен қатар айтуынша, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің 2023 жылғы 10 наурыздағы бұйрығына сәйкес, газдың бағасын негізсіз көтерген аталған компания шекті баға деңгейін әр текше метріне 34,75 теңгеден 28,94 теңгеге төмендетуге міндеттеп, артық төлемді тұтынушыларға қайтару туралы шешім шығарған болатын. Алайда, «Сигма Газ» ЖШС бұл шешімді әлі орындамады. 

Сондай-ақ тұрғындар «Сигма Газ» ЖШС құбырымен келетін көгілдір отынды үйге кіргізгені үшін тым көп ақша төлейтіндеріне наразы. Бір үйді газ құбырына қосу 450 мың теңгеден жоғары. Осы ретте, мәселені әлеуметтік шиеленіске жеткізбей, тез арада қажетті шешім қабылдауларыңызды сұраймын, - деп айтты ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы