Депутат тұқым шаруашылығы саласындағы проблеманы көтерді
Бұл туралы сенатор Закиржан Кузиев Сенат отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, тұқым айналымындағы басқарудан сырт қалған көлеңкелі нарық өнім сапасы мен бағасына теріс әсер етеді.
Тұқым шаруашылығының қолданыстағы заңнамаға негізделген қазіргі жүйесі ауыл шаруашылығы дақылдары сұрыптарының тұқымын бақылаусыз өндіруге, пайдалануға және сатуға, тұқымдардың жалған партияларының нарыққа шығуына, ауыл шаруашылығы дақылдарының сәйкестендірілмеген, өнімділігі төмен, тіркелмеген сорттарының айналымға түсуіне, селекционердің селекциялық жетістікке жету құқықтарының бұзылуына ықпал етеді. Мұның бәрі өсімдік шаруашылығы саласына тікелей кері әсерін тигізеді және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін, - деп атап өтті сенатор депутаттық сауалында.
Сенатор сұрыптама саясаты саласындағы мемлекеттік реттеу тетіктерінің жоғалуы жалпы АӨК саласына теріс әсер ететінін атап өтті. Осыған байланысты депутат селекциялық жетістіктер мен тұқым шаруашылығын реттеу мен қорғауға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өткен жылы отандық селекциялық дақылдарды тұқыммен қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті төмендету стратегиясын әзірлеу туралы мәлімдеді. Алайда, бұл құжат осы уақытқа дейін әзірленген жоқ. Заңнаманы қанша өзгертсек те, бізде нақты стратегия болмайынша сала дамымайды. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, импортқа тәуелділікті азайту, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде селекциялық әзірлемелердің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін отандық селекцияның ауыл шаруашылығы дақылдарын тұқыммен қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық жоспарды әзірлеуді және қабылдауды қамтамасыз етуіңізді сұраймыз, - деді депутат.