Депутат трибунасынан ондай сөзді айтуға болмайды – Қарашөкеев депутатқа

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Мәжіліс депутатына жұмыс атқарылмай жатыр деген пікірімен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсенбинов Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке жердің қайтарылмай жатқанына наразылық білдіріп, жұмыс атқарылмай жатқанын айтқан болатын.

«Әкімдердің жерлеріне тиіспей, қорғап отырмыз» дегенге қабылдай алмаймын. Себебі биыл 5,2 млн га жерді қайтардық. Олар кімнің жері? Бұрынғы әкімдердің, олигархтардың жерлері. Ендігі жылы да 5 млн га жер қайтарамыз. Ол жұмысты қазір біз жандандырып жатырмыз. 1 қаңтардан бастап жердің кімдікі екені Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде анықталып, көрсетіліп отыр. Кез келген участокке бассаңыздар, егер мемлекеттің учаскесі болмаса, онда кімнің жері, қай қожалықтың жері екені анық көрсетіліп отыр. Ол да жұмыс. Бұл бұрын болмаған, - деп айтты министр.

Сөзінше, бұл жұмыс қазір жалғасып жатыр. Заңға сәйкес жұмыс жүреді.

Мысалы, сен кім болсаң да, егер жерді заңды түрде пайдаланып отырсаң, онда біздің тиісуге құқығымыз жоқ. Бірақ заңды бұзып берілген жер екені анықталса, біз оны қайтарып жатырмыз. 5,2 млн өтірік деп отырсыз. Қазір интерактивті картаны әзірледік. Депутат трибунасынан ондай сөзді айтуға болмайды деп ойлаймын. 5,2 млн гектарды жүктеп, оның әрбір иесі кім болғанын көрсетуге дайынбыз. Жұмыс жоқ деп айтуға болмайды. Келесі жылы да 5 млн га қайтарамыз, - дейді Қарашөкеев Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуына қарағанда, жер тапшылығы сезіліп отырған ауыл тұрғындарына тарату да күрделі мәселе. Ол жұмыс жергілікті әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл мәселемен солар айналысады.

Министр атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде 1,8 млн пайдаланылмай жатқан жер қазір пайдаланыла бастағанын айтты.

Бүгін Ауыл шаруашылығы министрі «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңының жобасын бірінші оқылымда таныстырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы