Бүгiн 2026, 16:09 Фото: pixabay

Депутат төтенше жағдайға тап болғандарға көмектесетін жүйе енгізуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Олжас Нұралдинов Премьер-министрдің орынбасары – Цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мадиев атына спутниктік байланыс желісін дамыту мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Олжас Нұралдинов Премьер-министрдің орынбасары – Цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев атына спутниктік байланыс желісін дамыту мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат өз сауалында Қазақстанда интернет пен ұялы байланыс сапасының әлі де жеткілікті деңгейде дамымағанын атап өтті. Ел аумағының кеңдігіне байланысты кейбір өңірлерде желі ұстамайтын жағдайлар жиі кездеседі.

Осыған байланысты Олжас Нұралдинов бұған дейін шалғай өндірістік нысандарда спутниктік интернетті енгізу мәселесін көтергенін еске салды. Атап айтқанда, Starlink жүйесін қолдануға рұқсат беру ұсынылған. Бұл бастама Қазақмыс кәсіпорнында болған апаттан кейін көтерілген. Сол кезде өндірістегі қайғылы оқиға салдарынан жеті адам қаза тапқан еді.

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда технология одан әрі дамып, жаңа мүмкіндіктер пайда болған. Енді қарапайым ұялы телефондар LTE/4G функциясы арқылы тікелей спутникке қосыла алады. Мұндай жағдайда, тіпті байланыс жоқ аймақта да телефон автоматты түрде спутникке қосылып, SMS жіберуге мүмкіндік береді.

Мысалы, адам төтенше жағдайға тап болса немесе өміріне қауіп төнсе, ол спутник арқылы хабарлама жіберіп, көмек сұрай алады. Бұл – адам өмірін сақтауға бағытталған маңызды технология, – деді депутат.

Осы ретте Олжас Нұралдинов жаңа жүйені Қазақстанда жедел енгізу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бұл технология бір жылдан бері белгілі болғанымен, әлі толық енгізілмеген.

Сондай-ақ депутат жүйені енгізбес бұрын тестілеу мерзімі, оны іске қосу уақыты және кешігу себептері туралы сұрады.

Ол Мемлекет басшысының цифрландыруды, әсіресе азаматтардың қауіпсіздігіне қатысты жобаларды жедел дамыту жөніндегі тапсырмасын да еске салды. Депутаттың пікірінше, мұндай технологиялар төтенше жағдайлар кезінде, соның ішінде су тасқыны сияқты табиғи апаттарда аса қажет.

Сонымен қатар, ол халықаралық тәжірибеге тоқталып, АҚШ-та мұндай жүйе қазірдің өзінде қолданылып жатқанын атап өтті. Қазақстанда да байланыс операторлары, соның ішінде Beeline Kazakhstan тарапынан пилоттық тестілеу жүргізілгені белгілі.

Депутат министрліктен осы бағыттағы жұмысты жеделдетіп, барлық ұялы байланыс операторларымен бірлесіп жаңа жүйені мүмкіндігінше тез іске қосуды сұрады.

Адам өмірі мен денсаулығы – мемлекеттің басты құндылығы. Сондықтан осындай технологияларды барынша тез енгізуіміз қажет, – деді Олжас Нұралдинов.