Депутат қазақстандық билік транзитінің тәжірибесі туралы айтып берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кадр саясатындағы құзыретін кеңейтетін жарлығы қоғамда талқыға түсіп жатыр. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттарының бірі Нұрлан Әбдіровтің пікірін білген едік. 

"Бұл жарлық өте қажет және пайдасы зор деп санаймын. Өйткені, жоғары менеджмент саласындағы көптеген мәселелерді шешуге көмектеседі деп ойлаймын. Солай болады деп деп үміттенемін. Мұның қаншалықты қажеттілігін бәрі түсінеді. Қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қатысты талабы, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы, стратегиялық жоспарлардың орындалуы, бюджеттік қаражаттарды іске асыруға қатысты сауалдары бар. Осының бәрі бұл елдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды мәселелер. Қауіпсіздік кеңесі өзінің құқықтық мүмкіндігі арқылы осы мәселелерді шешетін болады", – дейді Нұрлан Әбдіров.
Ол бұл ретте Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілгендей, соңғы шешімді тек президент қабылдайтынын айтты.
"Конституцияға сәйкес біз біртұтас мемлекетпіз, біртұтас елміз. Сондықтан барлық шешімдерді тек президент қабылдайды. Елбасының өзі сұхбатында осыған байланысты нақты жауап берді деп ойлаймын: "Біз кеңес береміз, бірақ шешімді президент өзі қабылдайды" деген болатын. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің тарихи миссиясын түсінгендіктен осылай жасап жатыр",  – дейді депутат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы