Депутат тау шаңғы кешенінің жағдайын реттеуді сұрады

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов “Қаралма” туристік тау шаңғы кешенінің жұмысын жандандыруды сұрап, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат осы мәселеге қатысты сауалын Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады.

Дүниежүзілік туризм ұйымының деректері бойынша туризм әлемнің жалпыұлттық өнімінің – 10/1 бөлігін, халықаралық инвестицияның 11%-дан астамын құрайды. Туризмнен түскен табыс мұнай өнімдері мен автокөлік экспортының табысынан кейін тұрақты 3-орында келеді.

“Ұлы Жібек жолы” бойында орналасқан Жамбыл облысының даму жоспарында туризмді дамытуға басты назар аударылу керек деп есептейміз. Осы саланы дамыту арқылы облысқа қосымша инвестициялар тарту мүмкіндіктері пайда болатыны белгілі. Өкінішке орай, туризмге байланысты көп мәселелер әлі де шешімін таппай отырғанын айтқым келеді. Соның біреуі – Жуалы ауданындағы “Қаралма” тау шаңғы туризм кешені, - деді Саурықов.

Депутаттың мәліметтері бойынша аталған жоба 2018 жылы сол кездегі облыс басшысы Асқар Исабекұлы Мырзахметовтың ұсынысымен басталған. Жамбыл облысының жұртшылығы бұл ұсынысты қуана мақұлдады. Бұл жобаның инвесторы – “ТаразСтрой-2004” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сол уақыттағы сметасы – 6,3 млрд теңге. Кешен құрылысы 2018 жылдың тамыз айында басталған. Құрылыс жұмыстары 2020 жылғы 1 тоқсанда жоба бастаушысының жеке қаражатының тапшылығына байланысты тоқтаған. Бүгінгі күні уақыттың созылуына байланысты жобаның құны қайта есептеліп, 7,9 млрд теңгені құрап отыр. Осы күнге дейін игерілген сомма – 4,8 млрд теңге. Кешеннің құрылысын толық аяқтау үшін 3,1 млрд теңге қажет.

Инфрақұрылым жобалары бойынша “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” транзиттік көлік дәлізінен тау етегіне дейінгі 7 шақырым асфальтталған автожол жүргізілген, газбен, электр жүйесімен қамтамасыз етілген. Тау шаңғысы кешеніндегі арқан жолының құрылысы, ішкі алаңдарды абаттандыру жұмыстары, кірме жол, ресторан, сервис орталығы, техникалық бокс және өзге қажеттіліктер шамамен 80-85% аяқталған.

Мемлекет тарапынан “Бизнестің жол картасы-2025” бағдарламасы арқылы 542 млн 600 мың теңгеге ауыз су мен кәріз жүйесі тартылған. Сол сияқты саяхаттаушылар мен демалушыларға және шаңғы тебушілерге арналған, жекелеген инвесторлардың тарапынан 20 коттедждің құрылысы 70-80% аяқталған. Бұл жерге 1 млн 100 мың халқы бар Жамбыл облысы және іргелес жатқан 300 мыңнан астам халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысының 2 ауданы жақын.

Жоба басталғалы бері Жамбыл облысында бүгінгі күні төртінші әкім қызмет жасап жатыр. Осыдан кейін баршамызда мынандай сауал туындайды. Жеке инвестордың қаражатымен халық игілігі үшін басталған осындай іргелі жобалар неге аяқсыз қалады? Кім кінәлі? Жүйе ме, әлде бір әкімнің ұсынысын екінші әкім жалғастырғысы келмейтіндігінде ме? Не үшін жанымызда тау шаңғы кешені тұрғанда елдер сабылып 500 шақырым жердегі саяхат орнына бару қажет. Қарапайым халықтың қалтасы бағасы шарықтаған Шымбұлақ пен Ақбұлақты қалай көтереді? Жергілікті басшылар немесе Туризм министрі неге осыны ойламайды? – деді депутат өз сауалында.

Ерболат Саурықов осы мәселеге 5 жылдан астам уақыт өткенін айтты.

Депутат мынадай ұсыныстар айтты:

  1. “Қаралма” туристік тау шаңғы кешенінің жұмысын жандандыру үшін жобаның аяқталуына ықпал жасап, инвесторға жағдай жасау үшін Туризм министрі мен облыс басшысына тез арада шешудің жолдарын қарастыруды тапсыруыңызды сұраймыз.
  2. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі бағытында шешудің жолдарын қарастырып, болмаған жағдайда инвестордан мемлекетке сатып алу мәселесін ойластырған дұрыс деп есептейміз.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжіліс
Өзгелердің жаңалығы