Депутат: Тамақ – сән емес, қажеттілік
Сенат депутаты Амангелді Толамисов Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттеріне арналған тамақтану шығындарына берілетін өтемақыны алып тастауға қатысты мәселені айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, әсіресе тұрмысы төмен отбасылардан шыққан қыздар үшін әлеуметтік тұрғыда елеулі салдарға әкелуі мүмкін.
Бүгінде 9 577 студент тамақтану үшін ақшалай өтемақы алуда. Аталмыш студенттердің басым бөлігі елді-мекендерден, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан қыз-балалар. Атап айтқанда, 9 577 студенттің 109-ы ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, 59-ы мүгедектігі барлар, 710 шәкірт жартылай жетім, 3 641-і көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылардан шыққандар, қалғандары әлеуметтік жағдайы дәлелденген басқа да санаттағы студенттер. Ал, 7 670 студент ауылдық жерлердің қыздары, - деді сенатор депутаттық сауалында.
Сонымен қатар ол 2025 жылғы 15 ақпандағы Премьер-министрдің бюджеттік шығындарды қысқарту туралы хаттамалық тапсырмасы аясында бұл шығын бабының тоқтатылуы қарастырылып жатқанын алға тартты.
Алайда мұндай шешім әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтардағы студенттер үшін аса қауіпті. Бұл университет – өңірдегі қыздарға арналған жалғыз жоғары оқу орны ретінде тек білім берумен шектелмей, тәрбие мен ағарту миссиясын да қатар атқарады.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқып жатқан әрбір студент – болашақ педагог, болашақ ана, болашақ қоғамды қалыптастырушы тұлға. Сондықтан, олардың білім алуына, дұрыс тамақтануына, денсаулығы мен психологиялық жай-күйіне жасалған әрбір қолдау – тұтас ұлттың болашағына салынған инвестиция деп білеміз. Білімді де тәрбиелі қыз – елдің тірегі, ұлттың жүрегі. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқитын студенттерді әлеуметтік қолдау, соның ішінде тегін тамақтандыру мәселесін жүйелі шешу – аса маңызды және келешек үшін жауапты іс, - деді Амангелді Толамисов.