Депутат тағы бір спорт қауымдастығын құруға ұсыныс жасады
Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов аралас жекпе-жек өнерін мазаққа айналдырып жүргендер жайлы айтып, оны реттеу үшін ММА қауымдастығын құру қажет деп санайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақ жастарының арасында аралас, ал қоғамда ережесіз жекпе-жек аталып кеткен ММА спорты күн санап қарқынды дамып келеді. Мысалы, 90 жылдардың басында таеквондо, каратэ, кунг-фу сияқты жекпе-жектер кең таралса, қазір жастарымыздың арасында ММА деген спорт түріне сұраныс артты. Бұл жақсы үрдіс. Өйткені кез келген спорт өскелең ұрпақты дұрыс бағытта тәрбиеленуіне мейлінше ықпал етеді. Спортпен шұғылданған адам тәртіп пен ережеге бағынады, - деп айтты депутат.
Қасқарауовтың айтуына қарағанда, соңғы кездері бұл спорт түрін жеке мүддесіне пайдаланғысы келетіндердің қатары көбейген. Олардың ойы спортты дамыту емес, өз мүддесіне пайдалану, тіпті көбінің спортқа еш қатысы жоқ азаматтар.
Соның салдарынан спорт деп айтуға келмейтін, жекпе-жек атын жамылған POP MMA, RFC сияқты сайқымазақтар шоуы көбейді. Олар арзан күлкі мен атақ, ақша үшін абыройын төгіп жатыр. Тіпті былапыт сөз бен бейәдеп қылық көрсетіп, жастарды теріс жолға тәрбиелеп жатыр деуге негіз бар. Білекті де жүректі жауынгерлер қатысатын аралас жекпе-жек өнерін мазақ қылып, шаршы алаңды шоуға айналдырып жүр. Бұл өскелең ұрпақтың сана-сезімін бұзып, тілімізді шұбарлатуда. ММА спортымен шұғылданатын – өте қайсар, арман қуған ауыл жастары көп. Олардың алды үлкен ареналарда өнер көрсетіп, топ жарып жүр. Бюджет қаржысынсыз еліміздің атын шығарып, әлемге танытып жүр. Соларға еліктеп, көптеген жас спортшы өсіп келеді. Бірақ олардың басын біріктіріп, бір арнаға тоғыстыратын ортақ тәртіп болмай тұр, - деді Данияр Қасқарауов.
Депутат осы мәлелелерді негізге ала отырып, АҚШ, Қытай сияқты бұл спорт түрі бойынша бірізді мемлекеттік қолдау саясатын қалыптастырып, отандық ММА қауымдастығын құру қажеттігін айтты.
Оның сөзінше, қауымдастық құрылғанда ғана бұл спорттың өзіндік ережесі мен тәртібі болады. Қасқарауов бұл ұйымға осы саланың басы-қасында жүрген спорт мамандарын жинап, ассоциация құру керек деп есептейді.