Депутат сынып жетекшісі қызметін қайта қарауды ұсынды

Мәжіліс депутаты Аманжол Алтай өскелең ұрпақтың тәрбиесіне алаңдап, өзінің бірқатар ұсынысын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тәрбиесіз ұрпақ – Отанға да, ата - анаға да, қоғамға да опа әпермейтіні ақиқат. Ұрпағына дұрыс тәрбие бере алмаған халық - тамырына құрт түскен ағаш секілді. Тамыры бүлінген ағаш шіриді, ұрпағы бүлінген халық іриді. Қыз тәрбие көрмесе арсыздыққа, ұл тәрбие көрмесе бассыздыққа бой алдырады. Дер кезінде шара қолданып, кеселдің алдын алмасақ халылық тағдырын тығырыққа тірейтін азғындаудың келеңсіз көріністері күн санап көбейе берері сөзсіз, - деп айтты депутат.

Оның айтуына қарағанда, жасөспірімдер арасында жантүршігерлік тосын оқиғалардың соңғы уақытта тым жиілеп кеткені - мектептерде, отбасында, бүгінгі қоғамда бала тәрбиесі мәселесі ақсап тұрғандығын көрсетеді.

Депутат елімізде ізгілікті, қайырым, мейірім, қамқорлықты ұлық тұтатын әлеуметтік орта қалыптасуы қажет деп санайды.

Аманжол Әлтай бірнеше ұсыныс айтты:

1. Мейірімділікке, мемлекетшілдікке, ұлттық тәлім - тәрбиеге негізделген ұлттық идиология қалыптасуы тиіс.

2. Қазақстан Республикасы Үкіметі «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасындағы «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» концепциясын тез арада талқылап, қабылдауы керек.

3. Жалған қорытындылармен ахуалды ушықтырмай, кең көлемді әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, балабақшадан бастап, ЖОО-ға дейінгі тәрбие жұмыстарының қаншалықты тиімді екені, қоғамдық-әлеуметтік ортаның қазіргі жағдайы және оның ұрпақ тәрбиесіне қалай әсер етіп жатқаны, отбасындағы тәрбие мәселелері жан - жақты, әрі шын бағалануы қажет.

4. Осы әлеуметтік зерттеулерің нәтижесіне сүйене отырып, Ішкі істер министрлігі өздерінің ұрпақ тәрбиесіне байланысты жоспарларына тиімді өзгерістер енгізуі тиіс. Кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының қызыметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарау маңызды.

5. Орын алған бұзақылық оқиғалар бойынша кінәлі қылмыскерлерге, салғырт қараған полиция өкілдеріне, көз жұма қарап кемшіліктерге жол берген білім бөлімі мен мектеп басшыларына, тәрбиесіз баланың әрекетіне жауапты ата - аналарына тиісті шара қолдануын, қатаң жазалауын талап етемін.

6. Оқу-ағарту министрлігі мектептерде мұғалімдер оқушыларға тек академиялық білім беріп қана қоймай, балаларға берген тәрбиесін де таразылау механизмдерін енгізген жөн. Әлеуметтік педагог, сынып жетекшісі қызметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарауы тиіс.

7. Мәдениет және спорт министрлігі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесе жұмыс істеуді қолға алғаны маңызды. Телеарналарда балар мен жастардың санасына теріс әсер ететін, рухани-тәрбиелік маңызы жоқ хабарлардың эфирге шығуына жол берілмесін. Есесіне танымдық, тағлымдық мағынасы бар сапалы хабарларға мән берілсін. Кинозалдарда жасөспірімдердің санасына теріс әсер ететін кино өнімдерін көруге тиым салу қажет.

8. Ата-аналар балаларын Tik tok-тың жетегіне жібермей, бала тәрбиесіне ерекше бән беруі тиіс.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы