Депутат сот-прокуратура шешімдеріне реніші бар тұрғындармен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Біраз күн болды, Мәңгілік Ел - Нұржол бульвары қиылысында бір топ азамат өздерінің талап-тілектерін білдіріп тұр. Бүгін өз ықтиярым бойынша сол азаматтармен кездестім, - деп жазды депутат Ерлан Сайыров Facebook-тегі парақшасында.

Ол азаматтарға мұндай іс-шаралардың заң аясында болуы керек екендігін түсіндіргенін айтты.

Азаматтардың баршасы сот-прокуратура шешімдеріне өздерінің өкпе-наздары бар. Әрбір адамның тағдыры басты құндылық екендігін баршамыз түсінуіміз қажет. Осы азаматтардың ішінде менің жақсы танысым, біздің досымыз Сәуле Алипова бар. Сәуле Алипова досымыздың мәселесімен мен кәсіподақта істеп жүргенде айналысып едім. Бұл істің ешқандай саяси астары жоқ, жергілікті әкімшіліктің субъективті факторы. Аудан әкімі екеуі келіспей қалған. Ал Сәуленің өзі өте биязы, мәдениетті, квалификациясы бар жан. Осы кісіні сонау Еңбекшіқазақтан осында тентіретіп қойған сол әкім «сауап», «адамгершілік» деген сезімдерді біле ме екен? Аудан әкімінің шеберлігі, Сәуле апайымыздың мәселесін Жоғарғы Соттың өзі шеше алмайтындай «шыймайлап», «түйіншектеп» тастаған. Сонда, ол азаматтардың обал, сауап, ұят деген сезімдері қайда? Қалай ел басқарып отыр?, - деп жазды ол.
Депутаттың сөзінше, ол аталған азаматтардың мәселесіне көмектесіп, Прокуратураға хат жіберуге қолғабыс етпек.
Облыс әкімі Амандық Баталов ағамыз мырза көңілмен, адамгершілік тұрғысынан бұл мәселені баяғыда шешуге мүмкіндігі бар! Сол Сәуле апайымызға Алматы облысынан бір жұмыс табылмады деген ұят. Есесіне, еліне қызмет етуге дайын, машығы жоғары Сәуле Нұр-Сұлтан қаласының көшесінде транспарант көтеріп тұр. «Бір кем дүние» деген осы. Мен өз атымнан бұл мәселе бойынша Алматы облысының әкімшілігіне хат жолдаймын. Басқа азаматтардың мәселесін жеке Прокуратураға хат жіберуге келістік. Қазақ «көңіл жүйрік пе, қөк дөнен жүйрік пе?» дейді. Өз басым, қолымнан келгенше, бұл азаматтарға көмегімді аямаймын!, - деді Сайыров.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы