Депутат Шымкенттегі «Азаматтарға арналған үкімет» филиалын тексеруді талап етті

Парламент Мәжілісінің депутаты Болатбек Әлиев Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдап, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкенттегі филиалының қызметін жан-жақты тексеруді талап етті. Бұған соңғы айларда анықталған жүйедегі кең көлемді заңбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық схемалары себеп болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Депутаттың айтуынша, бір өңірде бірден үш резонансты жағдай тіркелген: әлеуметтік төлемдерді жымқыру, жүргізуші куәліктерін заңсыз сату және шетел азаматының атына электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) рәсімдеу. Әлиевтің пікірінше, мұның бәрі филиалдағы бақылау және басқарушылық жауапкершілік жүйесінің істен шыққанын көрсетеді.

Шетелде жүрген адамның атына ЭЦҚ рәсімделіп, жүргізуші куәліктері сатылып, әлеуметтік төлемдер ұрланса – бұл жекелеген оқиғалар емес, басқару жүйесіндегі жүйелі дағдарыс, — деп атап өтті депутат.

Оның еске салуынша, Шымкентте әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу салдарынан келтірілген шығын 217 миллион теңгені құраған. Ал жүргізуші куәліктерін сату ісі бойынша 500-ден астам адам емтихан тапсырмай-ақ, 150–400 мың теңге төлеп, жүргізуші куәлігін алған. Тергеу деректері бойынша ұйымдастырушылардың табысы 150 миллион теңгеден асқан.

Бұған қоса, Әлиевтің айтуынша, филиалда шетелде жүрген адамның атына ЭЦҚ рәсімделіп, ол кейін компанияларды тіркеуде, бухгалтерлік есеп беруде және тіпті сот істерінде де пайдаланылған.

Өз үндеуінде депутат мыналарды талап етті:

  • филиал басшылығының кәсіби жарамдылығы мен жауапкершілігін толық тексеру;
  • ЭЦҚ рәсімдеу, жүргізуші куәліктерін беру және әлеуметтік төлемдерді есептеу рәсімдеріне тәуелсіз аудит жүргізу;
  • соңғы үш жылда берілген барлық ЭЦҚ-ны, соның ішінде шетел азаматтарының атына рәсімделгендерін де тексеру;
  • жауапкершілікті тек жекелеген қызметкерлерге емес, бөлім басшыларына да жүктеу.

Егер "Азаматтарға арналған үкімет" халықтың сенімін ақтағысы келсе, бақылау мен қауіпсіздік қағидаттары формалдылық емес, нақты қорғау тетігіне айналуы тиіс, – деді Әлиев.

Парламент мүшесі өз сауалының мақсаты тек кінәлілерді анықтау емес, басқарудағы жүйелік әлсіз тұстарды жою және осындай заңбұзушылықтардың алдын алу екенін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжіліс Баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы