Депутат шекара белдеуін қайта қарауға шақырды
Сенатор Амангелді Нұғманов шекара белдеуінің құқықтық мәртебесі мен оның нақты жағдайына байланысты түйткілдерді қозғап, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол Мемлекеттік шекараны сенімді қорғау елдің ұлттық қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етудегі басты шарттардың бірі екенін атап өтті.
Сенатордың сөзінше, қолданыстағы заңнама шекара белдеуі үшін арнайы құқықтық режимді айқындайды. Соған сәйкес, бұл аумақта орналасқан жер телімдерін жеке меншікке беруіне де, уақытша жер пайдалануына да жол берілмейді. Алайда практикада үш мыңнан астам жер учаскесі жеке және заңды тұлғалардың иелігінде қалып отыр және олар мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Бұған қоса, мемлекеттік шекараның кейбір бөліктерінде шекара белдеуінің ені талапқа сай келмей, қосымша қауіп-қатер туғызып отырғаны айтылды.
Жамбыл және Түркістан облыстарындағы Қырғыз Республикасымен және Өзбекстан Республикасымен арадағы шекарада белдеудің ені кей жерлерде 30 метрден аспайды. Бұл құқық бұзушыларға оны санаулы минуттарда басып өтуге мүмкіндік береді. Мұндай аумақтар тауарлар мен ауыл шаруашылығы жануарларының контрабандасы үшін пайдаланылады. Сондықтан шекара белдеуінің енін 1000 метрге дейін ұлғайту және толыққанды шекаралық инфрақұрылымды орналастыру үшін жағдай жасау қажет, - деп атап өтті Амангелді Нұғманов.
Сенатор Жер кодексіне ықтимал түзетулерді талқылау барысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі ұстанымын міндетті түрде ескеру қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, Шекара қызметі шекара белдеуіндегі жер телімдерін уақытша пайдалануға беру қауіпсіздік тұрғысынан бірқатар қатер туындататынына назар аударып отыр.
Осыған байланысты сенатор Үкімет деңгейінде мемлекеттік шекараның кейбір учаскелерінде шекара белдеуінің енін кеңейту мәселесін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар, жер заңнамасына енгізілуі мүмкін өзгерістерге жан-жақты құқықтық және әлеуметтік-экономикалық талдау жүргізу, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік талаптары мен шекара маңында тұратын халықтың мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігін алға тартты.
Бұған дейін Сенат отырысында депутат Сәкен Арубаев еліміздің бірқатар аймағында жайылымдық жер жетіспеушілігі әлі де шешімін таппай отырғанын айтып, депутаттық сауал жолдағанын жаздық.