Депутат сапасыз баспана құрылысын жалғастырмауды ұсынды

Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов Атырау облысына сапары барысында Исатай ауданындағы көп қабатты тұрғын-үйдің күйін сынға алды. Халық қалаулысы оның аса қауіпті екенін айтып, құрылысты жалғастырмай, тыйым салу керектігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Аққыстау ауылындағы бұл баспана 2019 жылы басталған. Ақшаның біраз бөлігі игерілгесін құрылысы тоқтап, сағызша созылған. Тағдыры әлі бұлынғыр. Өңірге іс-сапармен келген Мәжіліс депутаты проблемаға назар аударып, оның шешілуіне атсалысатынын да жеткізді. 

Аққыстау ауылындағы 60 пәтерлік тұрғын-үй кешеніне келдік. Бұл тұрғын-үй кешенінде үлкен мәселе орын алған екен. 2019 жылы 2 млрд теңгеден астам қаржыға басталған жұмыс. Бүгінгі күні аяқталмай тоқтап тұр. Қазір қабырғаларының бәрі міне құлаудың аз ақ алдында. Негізгі астыңғы қабатының бәрі жарылып кеткен. Менің ойымша, бұл құрылысты әрі қарай жасауды облыс әкімшілігі тоқтатқан екен, онысы дұрыс. Бірақ бүгінгі күнде мына құрылысты әрі қарай жүргізуге мүлдем, үзілді-кесілді тыйым салынуы керек деп ойлаймын. Бұл ауылда үйдің кезегінде тұрған азаматтар өте көп. Ауылға келіп жатқан жас мамандар бар. 60 пәтерлі 3 үй бітетін болса, алдағы уақытта 180 отбасына баспана беріледі. Әлі күнге дейін не апаттық деп танылмаған, не аяқталмаған бұл құрылысты облыстық әкімшілік, құрылыс басқармасымен бірлесіп тез арада қолға алу керек. Қажет болатын болса біз күз айында мәжіліс қабырғасында бұл сұрақты көтеріп арнайы депутаттық сауал жолдайық. Бұл мәселенің түбегейлі шешімін табуына өз септігімізді тигіземіз, - деді Ерболат Саурықов. 

Әкімдіктегілердің мәліметінше, Аққыстау ауылындағы 3 қабатты 60 пәтерлік үш тұрғын үй құрылысын -«Дан-Строй-База-ЛТД» ЖШС-і бастаған. Келісім-шарт құны - 2 977,0 млн теңге. 2019 жылы 346,2 млн теңге игеріліпті. 2020 жылы құрылысқа 865 млн теңге жұмсалған. Сондай-ақ 2021 жылы - 1 020,7 млн. теңге қаражат игерілді. Игерілмей қалған қаражат 745,1 млн. теңгені құрайды.

Мердігер мекеме келісім шарт талаптарын орындамағандықтан нысандағы құрылыс жұмыстары аяқталмай қалды. Қазіргі уақытта үш тұрғын үйдің 1-уі аяқталуға таяу, 2-ші үйдің төбе жабындылары жабылған, 3-ші үйдің үшінші қабаты жартылай қаланған, бірақ жұмыстар қазіргі уақытта тоқтап тұр. 2022 жылғы 06 сәуірде «Дан-Строй-База-ЛТД» ЖШС-нен 6 519 935,0 теңге тұрақсыздық айыбын өндіру, шешім заңды күшіне енгеннен кейін алты ай ішінде шарт бойынша өзіне алған міндеттемелерін толық орындауға міндеттеу туралы Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының №2301-22-00-2/208 санды шешімі шығарылды. Айыппұл өндірілді, - дейді Атырау облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев. 

Ал 2023 жылдың 16 маусымында Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының сотының №2301-23-00-2/1145 санды шешімі шығарылды. Шешімде «Дан-Строй - БаЗа-ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен мемлекет кірісіне 61 845 292 тенге тұрақсыздық айыбын өндіру көрсетілген. Айыппұл өндіріліпті.

Қазақстан республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамалары орталығы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның филиалы атырау облысы бойынша сот сараптамалары институты №20-15-15-16/5808 21.10.2024 жылғы қорытындысына сәйкес барлық жасалған жұмыстар заңға сәйкестігі және артық қаржы аудару болмағанын расталды. 2024 жылғы 05 қазанда «Дан-Строй-База-ЛTД» ЖШС-мен келісім шарт біржақты бұзылды. Сонымен қатар «Дан-Строй-База-ЛTД» ЖШС-нің 89,310 млн. теңге қаражаты (келісім шарт бойынша жұмыстарды орындауға 3 % кепілдік жарна) мемлекет кірісіне кері қайтарылды (15.10.2024 ж). 30.10.2024 жылы келісім шарт бір жақтан бұзылды. №6/24 10.07.2024 жылғы техникалық зерделеу қорытындысына сәйкес тұрғын үй іргетасын күшейтуге жатады деп берілген, - деді Руслан Жұмағазиев.

Алайда қазіргі уақытта үйлердің іргетастарында ақаулар пайда болуына байланысты нысанға толық техникалық зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

«Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» акционерлік қоғамы», «ҚазҚСҒЗИ» АҚ зерделеу үшін алдын ала келісім жұмыстары жүргізілуде. Нақты шешім техникалық сараптама қорытындысына сәйкес қабылданатын болады. Жергілікті биіктегілер жақын арада 60 пәтерлі 3 тұрғын үй мәселесін біржақты етпесе, Мәжіліс депутаты мәселені республикалық деңгейде көтермекші.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы