Бүгiн 2026, 18:34 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Депутат Сабильянов Мәжілістегі жұмысын қорытындылады

Мәжіліс депутаты үш жыл үш айдағы жұмысын қорытындылап, тұрғын үйді жекешелендіру, Семейдің жылу жүйесін жаңғырту және Абай облысының инфрақұрылымын дамытуға қатысты қабылданған шешімдер туралы айтты.

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов VIII шақырылымдағы Парламент жұмысы барысында тұрғын үйді жекешелендіру, өңірлердің инфрақұрылымын дамыту, электр желілерін жаңғырту және цифрландыру бағытында маңызды заңнамалық бастамалар көтерілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, үш жыл үш ай ішінде Абай облысының 150 ауылында, 6 кенті мен 4 қаласында болып, тұрғындармен кездесулер өткізген.

Маған жүктелген сенімді ақтауға тырыстым. Халықтың мәселелерін көтеріп, оларды заң шығару арқылы шешуге күш салдым, – деді ол.

Нұртай Сабильянов осы шақырылымдағы ең маңызды нәтижелердің бірі ретінде сатып алу құқығынсыз берілген тұрғын үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік берген заңнамалық өзгерістерді атады.

Оның айтуынша, бұл түзетулердің арқасында еліміз бойынша 70 мыңнан астам тұрғын үйдің тұрғындары жекешелендіру құқығына ие болды.

Соның ішінде Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтар мен І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар жалға алған баспаналарын тегін жекешелендіре алады, – деді депутат.

Сонымен қатар оның ұсыныстары негізінде республикалық бюджеттен Абай облысында 75 ауылды сумен қамтамасыз етуге, 12 елді мекенде спорт кешендерін, 5 ауылда мәдениет үйлерін, сондай-ақ бірнеше әлеуметтік нысан салуға қаржы бөлінген.

Бұдан бөлек, ұзақ жылдар бойы аяқталмаған Қалбатау – Майқапшағай, Қалбатау – Аягөз – Үшарал, Семей – Қайнар, Семей – Ресей шекарасы, Қарағанды – Аягөз – Бұғаз бағыттарындағы автожолдарды жөндеу және қайта жаңарту жұмыстары қолға алынғанын айтты.

Депутаттың сөзінше, заңнамалық түзетулердің нәтижесінде еліміз бойынша тозығы жеткен электр желілері мен трансформаторларды жаңғыртуға да қаржы бөлініп отыр.

Сондай-ақ ол Семей қаласын жылумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылғанын жеткізді.

Заңнамалық өзгерістердің арқасында "Теплокоммунэнерго" кәсіпорнының 1800-ге жуық қызметкерінің жалақысы көтерілді. Сонымен бірге Семейдің жылу жүйесін жаңғыртуға қажетті қаражат бөлініп, тиісті шешімдер қабылданды, – деді Нұртай Сабильянов.

Депутаттың айтуынша, Парламент қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау, кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді азайту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және өңірлік инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған бірқатар заңдарды қабылдаған.

Сонымен бірге Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы ретінде комитет 77 заң жобасын қарағанын атап өтті.

Олардың қатарында алғаш рет қабылданған «Жасанды интеллект туралы» заң, Цифрлық кодекс, Құрылыс кодексі, сондай-ақ Түркістан қаласының ерекше мәртебесі мен Алатау қаласының құқықтық режимі туралы заңдар бар.

Бұл заңдар еліміздің экономикалық және цифрлық дамуына жаңа серпін береді, – деді Мәжіліс депутаты.