Депутат радикалды діни ағымдарға заңмен тыйым салуды талап етті
Қазыбек Иса Бас прокурор мен ҰҚК төрағасына сауал жолдап, діни экстремизмді ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер деп атады.
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Бас прокурор Берік Асылов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев атына депутаттық сауал жолдап, Қазақстанда радикалды діни ағымдарға заңмен тыйым салу мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, бұл мәселе бұған дейін де Парламентте талқыланғанымен, нақты нәтиже жоқ, керісінше теріс ағымдардың ықпалы күшейіп келеді.
Үш жыл бұрын да діни теріс ағымдарға заңмен тыйым салу туралы көтергенбіз. Содан бері не өзгерді? Қайта олардың күшейіп бара жатқанын көріп отырмыз, – деді ол.
Қазыбек Иса соңғы уақытта қоғамда резонанс тудырған бірнеше жағдайды мысалға келтірді. Атап айтқанда, Наурыз мерекесіне қарсы әрекеттер мен қоғамда қызу талқыланған имамға қатысты оқиға, сондай-ақ сотқа ниқабпен келу деректері.
Оның пікірінше, қоғамдық орындарда бетті бүркемелеуге тыйым салатын заң талаптары сақталмай отыр.
Заң сақталуы тиіс сот ғимаратында бет-жүзін жапқан адамдар еркін жүрсе, басқа жерде оның орындалуы қалай болмақ? – деді депутат.
Сауалда әлеуметтік желілердегі жағдайға да назар аударылған. Депутаттың айтуынша, кейбір топтар ұлттық құндылықтарға қарсы үгіт жүргізіп, дәстүрлі діни бағыттарға шабуыл жасап жүр.
Ұлттық мүддеге қарсылық, ұлттық тұтастыққа іріткі салу, дәстүрлі Ханафи мазхабына қарсы әрекеттер күшейіп барады, – деді Қазыбек Иса.
Ол сондай-ақ қоғамда түрлі діни ағымдардың ықпалы артып отырғанын айтып, мұны ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп ретінде бағалады.
Депутаттың пікірінше, радикалды діни ұйымдарға заңмен тыйым салу – бостандықты шектеу емес, керісінше қауіптің алдын алу шарасы.
Бұл – дінге қарсы әрекет емес. Керісінше, дінді қорғау үшін теріс мақсаттағы ұйымдарға қарсы бағытталған қадам, – деп атап өтті ол.
Депутат мемлекеттік органдарды бұл мәселеге жедел әрі нақты шаралар қабылдауға шақырды. Оның айтуынша, діни радикализмге қарсы саясат кез келген құқықтық мемлекеттің қауіпсіздік стратегиясының маңызды бөлігі болуы тиіс.