Депутат қыз алып қашу туралы: Жеңгелерін де, табалдырықта жатқан кемпірлерді де соттау керек
Мәжіліс депутаты қоғамда қызу талқыланып жатқан қыз алып қашу «дәстүріне» қатысты пікірін білдірді. Депутат күшпен қыз алып қашу қазақтың дәстүрінде ешқашан болмағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бәріміз жұмылуымыз керек. Кеше Қызылордада болдым, қанша ана қыздарын оқытамын деп ұшаққа отырғызып, үлкен үмітпен шығарып салады. Қазір қыздарымызды далаға шығаруға қорқамыз. Бірге күресуіміз керек, – деді депутат.
Мұрат Әбенов әрбір осындай жағдай қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс екенін атап өтті.
Керек болса, бізге жазыңыздар. Біз әр істі қарастыруға дайынбыз. Қыздарымызды бірге қорғайық, - деп айтты ол.
Депутат алып қашқан кезде қыздан «расписка» жазып алатындарға қатысты да ойын айтты.
Расписка – бұл қылмысты күшейтеді. Ол шантажға жол ашады, әрі қылмыскердің жазасын одан сайын ауырлатады, – деді ол.
Депутаттың сөзінше, қыз алып қашуға қатысы бар адамдардың барлығы жауапқа тартылуы тиіс.
Қасында жүрген жеңгелері қолынан ұстап тұрса, онда жеңгелерімен қоса, тіпті табалдырықта жатқан кемпірмен қоса барлығын соттау керек. Барлығы қамалуы керек. Өздерінің қыздары, сіңлілері, немерелері бар емес пе? Ұят емес пе? – деді Әбенов.
Ол қыз алып қашуды қазақтың дәстүрімен байланыстыруға үзілді-кесілді қарсы екенін айтты.
Қазақта ешқашан қызды күштеп, зорлап некеге тарту болмаған. Әр әулет қызын қорғап, бағып-қағып өсірген. Күшпен алып қашу – қылмыс. Бұрын ондай жағдай өте сирек болатын, артында қорғаушысы жоқ кезде ғана болуы мүмкін еді. Ал қазір қыздарымыздың қорғаушысы – мемлекет», – деді депутат.
Сондай-ақ ол оңтүстік өңірлерге ерекше назар аудару қажет екенін жеткізді.
Тараз, Қызылорда, Түркістан, Шымкент – бәрін мұқият қарауымыз керек. Әйтпесе өзге этностардың өкілдері бізге қарап: “Заңды өздерің құрметтемейсіңдер, қыздарыңды қорғай алмайсыңдар” деп айтып отыр. Бұл менің намысыма тиді. Өзімнің қыздарым, немерелерім бар. Біз бірге қыздарымызды қорғауымыз керек, – деді Мұрат Әбенов.
Айта кетейік, кеше Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда неке институтын ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде заң жүзінде ресми бекіту қажет екенін айтқан еді. Мемлекет басшысының сөзінше, қыз алып қашу – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін жабайы қылмыс.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан сталкинг, қыз алып қашу және Нұрайдың өліміне қатысты пікір білдірді.