Депутат: Қыз алып қашу бойынша Қазақстан Эфиопиямен бірдей тұр
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев қыз алып қашу мәселесіне қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Ауыл партиясын әрқашан қазақтың дәстүрін тап-таза күйінде сақтау алаңдататынын жеткізді.
Депутат атап өткендей, 90-жылдары Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін Қазақстанда экономикалық жағдай әрине қиын болды. Сол кезде “қыз алып қашу” деген үдеріс пайда болды.
Оны көбі қазақтың дәстүрі деп шатастырды. Өзіңіз білесіз, біздің қазақ құда түсіп, жөн-жоралғысын әдемі орындайтын халық. Бірақ осы экономикалық жағдайдың қиындығына байланысты 90-жылдары ондай фактілер болды. Қателесетін шығармын, бірақ менің білуімше, қазір қызды алып қашу жоқтың-қасы деуге де болады. Себебі еліміз дамыған өркениетті елміз. Батыс мемлекеттеріне теңесеміз дейміз. Бірақ википедияға қараңызшы, википедияда қызды ұрлау мәселесінде Қазақстан Эфиопиямен бірдей тұр. Эфиопия қайда? Қазақстан қайда? Соған байланысты менің сұрағым: қыздарымызды алып қашу мәселесінің статистикасы қандай? Егер шын мәнінде ол жоққа жақын болса, онда википедияға ресми түрде хат жазып, Қазақстанды ол мемлекет қатарынан алып тастауға ұсыныс жасайсыздар ма? - деп сұрады депутат ІІМ басшысынан Мәжілісте.
ІІМ басшысы Ержан Саденов қыз ұрлау фактісі елімізде көп емес екенін айтты.
Сұрақ маңызды. Қызды алып қашса да, кейін артынан іздейтін түрлі дәстүрлеріміз бар. Осы мәселені біраз талқылағанбыз. Бүгінде мұндай қылмыстар бірінен кейін бірі тіркеліп жатыр деп айта алмаймыз. Ондай фактілер арызданушы болғанда болады. Былтыр 1-2 факті болған. Оны анықтадық. Бұрынғыдай емес, халқымыз да өзгеріп келеді. Өздеріңіз де түсіндіріп жүрсіздер. Қыз ұрлау адам ұрлау бабына жатады. Нақты қыз ұрлау деген бап жоқ. Сол себепті ауыр қылмыс санатына жатады. Эфиопиямен салыстырған мәселені бірінші рет естіп тұрмын. Оны талқылап көрейік. Статистика бойынша көп емес. Көбі жастықпен барады, - деп жауап берді Саденов депутаттың сұрағына.