Бүгiн 2026, 15:18 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Сырым Рахимбеков

Депутат Қазақстанда әскери фельдшерлер даярлауды ұсынды

Депутат әскери медицина саласына маман даярлау үшін Талдықорғанда арнайы бөлімше ашуды ұсынды.

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев депутаттық сауалында қазіргі геосаяси ахуал мен төтенше жағдайлар қаупі күшейген кезеңде әскери медицина мамандарын даярлау мәселесіне назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, әскери дәрігерлер мен фельдшерлерді оқыту жүйесі кешенді түрде дамытылуы қажет. Себебі бұл бағыт жедел әрекет ету мүмкіндігіне, әскери-медициналық қамтамасыз ету тұрақтылығына және елдің заманауи қауіп-қатерлерге дайын болуына тікелей ықпал етеді.

Әскери медицина саласындағы бастапқы медициналық көмектің негізгі орта буын мамандарын - әскери фельдшерлерді даярлауды қолға алу қажет. Бүгінгі таңда, Қарулы Күштер мен азаматтық қорғаныс жүйесі тарапынан кадрларға деген қажеттілік артуда. Ел аумағының көлемі, шалғай елді мекендердің жағдайы, табиғи және техногендік тәуекелдерге байланысты мобильді, әрі арнайы медициналық мамандарды даярлау стратегиялық мәнге ие болуда, - деді Ғалиасқар Сарыбаев.

Сенатор Талдықорған қаласындағы медициналық колледждер негізінде әскери фельдшерлер даярлауды қолға алуды ұсынды. Оның пікірінше, қалада әскери гарнизонның, госпиталь мен бейінді медициналық мекемелердің орналасуы студенттердің білімін тәжірибемен ұштастыруға қолайлы жағдай жасайды. Бұл болашақ мамандарға шынайы жағдайға жақын ортада тәжірибеден өтіп, тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ депутат:

  • Талдықорған жоғары медициналық колледжі базасында әскери фельдшерлер даярлайтын мамандандырылған бөлімше ашу мүмкіндігін қарастыруды;
  • мүдделі мемлекеттік органдарға бірлесіп тиісті білім беру модульдері мен стандарттарын әзірлеу және енгізу мәселесін пысықтауды;
  • сала мамандарына деген қажеттілікті айқындап, мемлекеттік білім беру
  • тапсырысын орналастыруды;
  • жобаны іске асыру бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың функциялары мен жауапкершілігін айқындай отырып, ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз етуді;
  • қолданыстағы мамандықтар мен біліктіліктер сыныптауышысына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды.