Депутат Қаратаев Көлгіновке сауал жолдап, өзекті проблемаларды шешуді ұсынды

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асыру кезіндегі олқылықтарға қатысты шағымдардың көбейіп жатқанын айтып, Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновке сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Депутаттың сөзінше, бүгінгі таңда көптеген кәсіпкер медициналық орталықтар құрып, қыруар жұмыстар атқарып жатқаны баршамызға белгілі. Өңірлерді аралағанда сондай кәсіпкерлермен жүздесіп, бірқатар олқылықтың бар екеніне көз жеткізіп келеміз. МӘМС тарапынан бөлінген қаражаттардың игерілуі жете қадағалауды талап етеді. Қаражаттардың игерілу барысында ашықтықтың тиісті деңгейде емес деп есептейміз. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің белең алу ықтималдылығын арттырады, - дейді Қаратаев.

Сонымен қатар тұжырымдамада айтылғандай, медициналық қызмет көрсету бойынша мемлекеттік сатып алуларға қатысуды көздеп жекеменшік орталықтар ашқан кәсіпкерлер түрлі қиындықтарға тап болып жатыр.

Атап айтқанда, нарықта медициналық қызмет көрсететін көптеген орталық болғанымен, емханалар тарапынан сараптама үшін жолдамалар тек белгілі бір ұйымдарға жолдама беріледі. Осының салдарынан жолдамалар тым көп берілген ұйымдарда тұрғындар апталап кезекте тұруға мәжбүр. Сол уақыттың өзінде өзге орталықтар тұтынушысыз бос тұр. Негізі сақтандыру жүйесін еңгізудегі мақсаттардан бірі денсаулық сақтау мекемелеріндегі кезекті жою болатын. Денсаулығы сыр беріп тұрған адам апталап кезек күте алмайды. Амалсыздан қалтасынан қағылып ақылы қызмет алуға мәжбүр, - деп айтты депутат өз сауалында.

Онымен қоса, қызмет көрсеткендерінің өзі қызмет ақыларын 3-4 айлап ала алмайды. МӘМС қорынан дер кезінде аударылған қаражат емханалардың шотында тұрып қалады. 

Денсаулық сақтау саласына инвестиция салып кәсібін дөңгелетуді қалаған кәсіпкерлердің басым бөлігі жабдықтарды лизингке немесе несиеге алған. Атқарылған қызметтердің ақысын дер кезінда ала алмаудың нәтижесінде қызметкерлердің жалақыларын төлеуге, банк алдындағы борышын төлеуге қауқарсыз болу жағдайлары жиі кезігіп жатыр, - деп есептейді ол.

  Депутат Қаратаев бірнеше өзекті проблемаларды шешуді ұсынды.

Республика аумағында денсаулық сақтау саласындағы жоғарыда аталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді, республика аумағындағы ауруханалар мен емханаларда МӘМС қоры тарапынан бөлінген қаражаттардың игерілуін тексеруді, анықталған құқық бұзушылықтар бойынша жауаптыларға заңға сәйкес шаралар қабылдауды сұрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы