Депутат: Озық технологияны пайдаланып, ашықтықты қамтамасыз етуіміз керек

Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының тең төрағасы Руслан Берденов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кеше Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауының куәсі болдық. Бұл құжатта ел экономикасын дамытуға басты екпін берілген. Ол инвесторларды ынталандыруға, нақты салық саясатын әзірлеуге және отандық өндірісті қолдауға бағытталған кең ауқымды шараларды ұсынады. Көліктік логистика мен әуе хабтарын дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылады. Біз отандық кәсіпкерлікті дамытуды қолдайтын партия ретінде бұл бастамаларды толығымен құп көреміз. 2 028 794-тен астам шағын және орта кәсіпкерлік, сондай-ақ 14 моноқаладағы 1500-ден астам кәсіпорын дамудың жаңа мүмкіндіктеріне ие болатынына сенімдіміз, - деді Руслан Берденов.

Оның айтуынша, өндірісті қолдауға арналған шаралар экономикамызға айтарлықтай серпін береді.

Жолдауда Respublica партиясының белсенді атсалысып, бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ойын бизнесі, вейпинг, ауыл шаруашылығын субсидиялау және салық кодексі мәселелері бойынша қабылданған шараларға берілген оң баға біздің іс-әрекетіміздің дұрыстығын дәлелдейді. Бұл шаралар экономиканың тиісті салаларындағы жағдайды жақсартуға ықпал ететініне сенімдіміз, - дейді депутат.

Бұрынғы парламент сессияларында партия тарапынан есірткіге қарсы күрес мәселесі көтеріліп жүрген еді. Бұл мәселе кешегі Жолдауда да айтылды.

Мемлекет басшысы ұлтымыздың генофондына қауіп төндіретін есірткінің таралуы мен қолданылуына қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдардың тиімді жұмысының маңыздылығын атап өтті, - дейді Руслан Берденов.

Депутат 6 қазан күні өтетін АЭС құрылысы бойынша өтетін референдумге қатысты пікірін білдірді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде электр энергиясының тапшылығы мен өсімін де атап өтіп, атом электр станцияларын салу мүмкіндігін талқылауды ұсынды. Бұл мәселе бойынша саналы шешім қабылдау үшін жалпыхалықтық референдум өткізу маңызды. Біз энергетикалық жүйеміздің қауіпсіз және тиімді болуын қамтамасыз етуіміз керек, - дейді Мәжіліс депутаты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы