Депутат Өскемендегі автозауыттың өндірістік базасын қайта пайдалануды ұсынды
Мәжіліс депутаттары Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Онда ұлттық автомобиль өнеркәсібін дамыту мәселелері және Өскемендегі “Азия Авто” зауытының болашағы көтерілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Серік Ерубаевтың айтуынша, дамыған ұлттық автомобиль өндірісі – индустриялық тұрғыдан өркендеген әрі технологиялық жағынан бәсекеге қабілетті мемлекеттің маңызды көрсеткіші. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда автомобиль өндірісін қалыптастыруға бірнеше талпыныс жасалғанымен, нәтижелер көрсетілген мемлекеттік қолдаудың көлеміне сай болмаған.
Депутат “Азия Авто” жобасын осының айқын мысалы ретінде келтірді. Кәсіпорын ұзақ жылдар бойы салықтық жеңілдіктер, кедендік преференциялар мен индустриялық субсидиялар түрінде елеулі мемлекеттік қолдау алған. Ашық дереккөздерге сәйкес, бұл қолдаудың жалпы көлемі жүздеген миллиард теңгеге жеткен.
“Азия Авто” компаниясы компоненттерді импорттау кезінде 75 млрд теңге, дайын өнімді өткізу барысында 122 млрд теңге қосылған құн салығынан, 99 млрд теңге кедендік төлемдерден босатылған. Сонымен қатар, утилизациялық алымнан 65 млрд теңге көлемінде қаражат иемденген. Осылайша, барлық жеңілдіктер мен преференциялардың жалпы көлемі 361 млрд теңгені құраған, – деді ол.
Соған қарамастан, депутаттың мәлімдеуінше, компания нақты өнеркәсіптік локализацияға көшпей, терең қайта өңдеу зауытын салу жөніндегі міндеттемелерін орындамаған және ұзақ уақыт бойы тек “отверткалық” жинақтаумен шектелген. Нәтижесінде мемлекет жоспарланған өндірістік қуаттарға да, күтілген технологиялық әсерге де, жергілікті жеткізушілердің толыққанды экожүйесіне де қол жеткізе алмаған.
Ерубаев “Азия Авто” жағдайын жаңа индустриялық жобаларды іске асыру кезінде жіберілген қателіктерді қайталамау үшін маңызды әрі қымбат сабақ ретінде қарастыру қажет деп есептейді. Ол бір кездері жоғары деңгейдегі мемлекеттік делегациялардың қатысуымен ашылған кәсіпорын инфрақұрылымының бүгінде пайдаланылмай тұрғанына алаңдады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда Қостанайдағы көпбрендті AllurAuto кластері мен Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауыты сияқты бірнеше автомобиль өндірісі жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл кәсіпорындар автокөлік жинаумен қатар, қосалқы бөлшектер өндірісін де дамытып келеді, – деп айтты ол.
Осыған байланысты депутат “Азия Автоның” қолданыстағы өндірістік қуаттарын аталған жобаларды дамытуға пайдалану немесе оларды ауыл шаруашылығы техникасы мен өзге де машина жасау өнімдерін шығаруға бейімдеу бойынша ұсыныстар әзірлеуді ұсынды.
Сондай-ақ депутаттар зауытта бұрын еңбек еткен мыңдаған жергілікті мамандардың тәжірибесі мен біліктілігін сақтап қалудың маңызын атап өтті. Олардың дағдыларын жоғары технологиялық өндірісте пайдалану әлдеқайда тиімді болар еді.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, автомобиль өнеркәсібін дамыту қарапайым жинақтаудан толыққанды өндіріске кезең-кезеңімен көшу арқылы жүзеге асады. Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай осы жолдан өтіп, бүгінде әлемдік автомобиль державаларына айналған.
Осыны ескере отырып, Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев Өскемендегі “Азия Авто” компаниясының өндірістік базасы мен инфрақұрылымын дамыту мәселесін мемлекеттік бағдарламалық құжаттарға енгізуді ұсынып отыр. Негізгі мақсат – өндірістік активтерді сақтап қалу және оларды автомобиль, ауыл шаруашылығы техникасы, басқа да машина жасау өнімдері мен қосалқы бөлшектер өндірісінде пайдалану.