Депутат өңірлердегі дәрігерлердің жетіспеушілігі туралы мәселе көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Парламенттің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Сәлімжан Нақпаев айтты.

Ол өңірлерде дәрігер мамандардың жеткіліксіздігін алға тартты. Әсіресе, ауылдық елді мекендердегі медициналық арнайы мамандардың тапшылығын шешіп беруді сұрады.

Соңғы кезде министрлік, облыс әкімдіктері тарапынан ауылдық елді мекендерге медицина мамандарын тартуға бірқатар жұмыс істелді. Мамандарды ауылдық жерлерге тарту үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бар. Жергілікті әкімдіктерден көтерме жәрдемақы берілуде. Соған қарамастан, облыстарда, соның ішінде шалғай аудандарда кейбір дәрігер мамандар әлі де жетіспейді. Мысалы, кез келген медициналық отада қажет анестезиолог-реаниматолог, сол сияқты инфекционист, травматолог, пульманолог, эндокринолог сияқты мамандар көптеген аудандарда жетіспейді, - деді Мәжіліс депутаты.

Сәлімжан Нақпаевтың айтуынша, дәрігерлер тапшылығы пандемия жағдайында қатты сезініп отыр.

COVID-19 сияқты ауыр аурудан жазылған адамдарға реабилитолог қажет. Ол мүлдем жоқтың қасы. Оларды айтпағанда, акушер-гинеколог, хирург, фтизиатор сияқты мамандар да аз. Алыс аудандарда осындай кадр жетіспеуіне байланысты өздеріне келіп түскен ауруларды санитарлық-авиация шақыртып, облыс орталықтарына жіберуді жиілеткен. Мұның бәріне бюджеттен қаражат етеді, - деді ол.

Бұл барлық облыста бар проблема деген депутат Атырау облысына қатысты бірқатар деректі келтірді.

Соның ішінде Атырау облысы бойынша барлығы 219, оның ішінде ауылдық жерлерге 63 маман жетіспесе, Маңғыстау облысы бойынша барлығы 221, оның ішінде, ауылдық жерлерге 53 маман жетіспейді. Сол сияқты Батыс Қазақстан облысы бойынша барлығы 267 маман керек болса, ауылдық жерлерге 140 маман керек екен, - деп атап өтті Нақпаев.

Жағдайдың бұлайша ушығуына грант бойынша оқыған медициналық жоғары оқу орындарының кейбір түлектерінің міндетті бөлу әдісіне бағынбай, өздері бөлінген болашақ жұмыс орындарына бармай қалуы да себеп болған.

Сонымен қатар медициналық жоғары оқу орындары үшін бөлінетін грант саны түсініксіз себептермен 2020 жылы азайып кеткен.

Депутат грант бойынша білім алған түлектердің болашақ жұмыс орындарына себепсіз бармай қалуын тоқтату керектігін ескертті. Грант бөлгенде медициналық мамандар тапшы өңірлерге квота санын көбейтіп, ауылдағы жалпы практика дәрігерлерін біліктілікті арттыру курстарына жіберу қажет деп отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы