Депутат өнер адамдарына еден жуушы ретінде қарауды доғаруды сұрады

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов театр өнерінің қазіргі жағдайы туралы комитет отырысында театрда жұмыс істейтін мамандардың мәртебесі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Театрдағы жарық қоюшы, сахна техниктері – барлығы өнер, шығармашылық адамдары. Өйткені сахнадағы декорацияны құру мен жарық қою да асқан шеберлікті, арнайы дайындық пен білімді талап етеді. Біз оларға тек қана еден жуушы, аула сыпырушы ретінде қарағанды доғармасақ, біз бұл мамандардың барлығынан айырылып қаламыз, - деді Зайытов.

Депутат айтқандай, қазір көптеген театрда 90 000-100 000 теңгеге ешкім жарық қоюшы болып жұмыс істегісі келмейді. Өйткені жеке концертте жұмыс істегенде ол әлдеқайда көп ақша табады.

Декораторлар, сахна техниктерінің де мәселесі шешілмеген. Оларда ешқандай марапат, ең болмағанда мәдениет қызметкері деген аты да жоқ. Осы себептен мерекесімен де құттықтай алмаймыз. Айлықтарының сиқы, өздеріңіз көріп отырғандай. Білікті маман, кадр тапшылығы өңірлерде одан сайын тапшы. Қанша білім беріп жатырмыз, бірақ театр саласының балалары бір шоуменнің, КВН-нен шыққан бір баланың жетістігіне жете алмайды. Неге? Өйткені мемлекет тарапынан оның оқуды аяқтағаннан кейінгі жағдайына жүйе қойылмаған, - дейді Ринат Зайытов.

Еске сала кетейік, осыған дейін депутат Ринат Зайытов театрларға қаржы әділетсіз бөлінгенін айтты. Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов комитет отырысында театрлардың жағдайы мүшкіл екенін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжіліс Баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы