Депутат: Өлік шығарған үй иелері дастархан жаюға мәжбүр

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев қонақасы дәстүрінің өзгеруіне қатысты әлеуметтік желіде пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ол жариялаған видеода бір әйел қазақ дәстүрінде қаза болған үйде тамақ әзірленбейтінін, алыстан келген қонақтарды көршілер қабылдайтынын айтып, қазіргі кезде қонақтарды мейрамханада күту үрдісі қалыптасқанын сынға алады:

Үйінде өлік жатқанда ресторанда мәз болып тамақ ішіп отыратын адамдарды мен түсінбеймін. Қазақта қонақасы деген дәстүр бар. Қайтыс болған адам болса, үйде тамақ істелмейтін. Ол үйде ешқашан от жанбайтын. Көршілер алыстан келген қонақтарды үйіне таратып алып кетеді де, сөйтіп ертесінде қойылғаннан кейін барып тамақ беріледі. Қазіргі уақытта үйде қайтыс болған кісі жатса да, үйдің иесі ана кісілерге жақсы болуы үшін ресторанда тамақ беріп жатады, – дейді видеодағы спикер.

Депутат бұл жағдайдың марқұмның жақындарына қосымша ауыртпалық түсіретінін, қаржылық мүмкіндігі шектеулі отбасылардың қарызға батып, дастархан жаюға мәжбүр болатынын атап өтті:

Өлік шыққан үй иелері өз қайғысын көтерудің орынына қонақ күтіп, дастархан жаюға мәжбүр болады. Қаржылық жағдайы мәз емес отбасылар қарызға батса да, дастархан жаюдан тартынбайды. Бұл шынымен қажет пе?, – дейді депутат.

Осы мәселені ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қарауына ұсынды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы