Депутат: Мүгедектігі бар адамдарға ұшақ билетіне ешқандай жеңілдік жоқ
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат әуежайға барып, компаниялардан мүгедектігі бар адамдарға қандай жеңілдіктер бар екенін сұрап білді. Алайда бір жерде ондай жеңілдік мүлдем болмаса, бір жерде билет бағасы тым қымбат.
Бір орындалмайтын нәрсе - мүгедектігі бар адам міндетті түрде қасына адам ерітіп жүру керек. Сонда билет алғанда екі адамға төлейсіз. Мысалы Астана-Шымкент бағытындағы билет бағасы маған 63 мың теңге болады, ал қасымдағы адамға 58 мың теңгеге шығады, - дейді ол.
Ерлан Әбдиевтің айтуынша, қазір мүгедектігі бар адамдар билет құнын толық төлейді.
Мүгедектігі бар адамдар бір бағытқа ұшатын авиабилетке өзінің толық 1 айлық жәрдемақысын төлеуі керек. Бұл миғақонымсыз нәрсе. Яғни 1,5 сағаттық ұшудың авиабилет құны, адамға 1 ай бойы тамақтануына, дәрі-дәрмегіне, өмір сүруіне мемлекеттен берілген жәрдемақысына тең, - дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін депутат Ерлан Әбдиев мүгедектігі бар адамдар үшін ішкі рейстерге 50 пайыз жеңілдік, жылына бір рет тегін ұшу және әуе компанияларына жеңілдетілген тариф орнату туралы ұсыныс жасаған еді.