Депутат: Мұғалімдердің мәртебесін қолдауды жалғастыру керек

Мұғалімдердің мәртебесін әрі қарай қолдауға, арттыруға нақты шаралар қабылдануы қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова білім саласында жеткен жетістіктерді атап өтіп, оны әрі қарай да дамыту үшін бірқатар ұсыныс жасады. Бұл туралы ол Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында айтты.

Құрметті Тамара Қасымқызы! Үкіметтің бүгінде «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасын әзірлеп, білім сапасын арттыруға көңіл бөлгендігіңізді құптаймыз. Қол жеткізген нәтижелер жақсы, дегенмен мұнымен тоқтап қалмай, алға жылжуымыз қажет, - деді депутат.

Сүлейменова бірнеше ұсыныс айтты. Соның бірі - қол жеткізген нәтижені арттыруға арнайы шаралар жоспары қабылданып, барлық педагогикалық қауымдастықпен талқылануы шарт. PISA зерттеулерінің нәтижелерін Оқу-ағарту министрлігі толығымен талдап, сараптама нәтижесінде «қатемен жұмыс» нақты әдістемелік ұсыныстарды әзірлеп, оны педагогтеріміз әрі қарай жұмыстарында пайдалануы өзекті. PISA рейтингісіндегі алдынғы қатарындағы Сингапур, Гонконг, Кореяның білім мазмұны және білім жүйесі зерделеніп, озық тәжірибелерді енгізу мүмкіндіктері қарастырылсын.

Оқу сауаттылығы бойынша жалпы Үкімет кітапхана, кітап оқу, оқуға құштар мектеп деген жобаларын кешенді негізде сапалы жүзеге асыруға мән беру қажеттігіне тағы да көңіл аударамыз. Кітапхана жұмысының жаңа мазмұны мен кітапханашылар мәртебесін арттыру жұмысы жүзеге асырылсын. Сонымен қатар мұғалімдердің мәртебесін әрі қарай қолдауға, әрі қарай арттыруға нақты шаралар қабылдануы қажет. Педагогтердің кәсіби дамуы және біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіруді қолға алу кезек күттірмейтін міндет деп ойлаймыз, - деді депутат.

Сондай-ақ оның айтуынша, дамыған мемлекеттер оқу бағдарламаларының мазмұнын 4-5 жылда өзгертіп, өңдеп, жетілдіріп тұрады.

Білім мазмұнын қазіргі жасанды интеллект заманын талаптарына сай өзгертуге байланысты, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына өзгеріс енгізу қай деңгейде? Келесі оқу жылында енгізіліп бастала ма? Нақты жоспар бекітілуі тиіс. Оқушылардың оқу жетістіктерін мониторингілеуге – тәуелсіз сыртқы бағалау ретінде тиісті қаражат бөлініп, оның сапалы, әділ, ашық өтуіне министрлік нақты шаралар қабылдауы кезек күттірмейтін мәселе. Білім сапасын бағалаудың Ұлттық жүйесін құру бойынша кешенді шаралар қабылдануы шарт, - деп ұсыныс айтты депутат Жұлдыз Сүлейменова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы