Депутат мұғалімдер мен оқушылар қолданатын «Күнделікке» шүйлікті
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров мектептерде енгізілген «Күнделік» жүйесіне шүйлікті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат осыған қатысты депутаттық сауалын Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.
Ескі Қазақстаннан бізге мұра болып қалған жастарды тәрбиелеудегі олқылық - Қазақстанның барлық мектебіне күштеп енгізілген «Күнделік» жүйесі. Электронды қызмет көрсете алатын бір емес, бірнеше отандық компанияның болуына қарамастан, сарапшылардың айтуынша, сол кездегі заманын қонышынан басқан топтардың қысымымен құзырлы орган 4 миллион қазақстандық оқушының жеке мәліметтерін жинау, сақтау және өңдеу қызметін ешқандай іріктеу мен байқаусыз, шетелдік компанияға 12 жылға беріп жіберген, - деді депутат.
Сөзінше, осының нәтижесінде бұл салада шет елден басқарылатын қолдан жасалған монополия пайда болды.
Сыртқы монополияның күшімен Қазақстанның барлық баласы, мұғалімі мен ата-аналарымемлекет пайдалануға міндеттеген «Күнделіктен» күнделікті жағымсыз жарнама көруге мәжбүр. Соның ішінде этика мен ұлттық дәстүрге жат, сананы улайтын, жалаңаштанған, нәпсі мен ойынның жарнамасы көп. Бұл жөнінде ақпарат құралдары үнемі дабыл қағып жатыр, - деп айтты Ерлан Сайыров.
Депутаттың айтуына қарағанда, мектеп оқушыларын жағымсыз жарнама қарауға міндеттеп, сол арқылы шетелдік монополияны байытуға жол берген заң немесе мемлекеттік жекеменшік әріптестік шарты әлемнің дамыған бірде-бір елінде жоқ.
Бұған қоса «Күнделік» жүйесі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» атты мемлекеттік мекеменің серверлерін пайдаланады және ол үшін оқу-ағарту министрлігі жыл сайын 800 млн теңге қаржы төлейді деген ақпаратты Бас прокуратура тексеруі қажет. «Күнделік» барлық мектепте 2030 жылға дейін қолдануға міндетті жалғыз электронды жүйе. Ертең ол мәліметтер жоғалса, жарнама берушілерге сатылса немесе астыртын зиянды жолмен қолданылса, кім жауап береді? – деді ол.
Ерлан Сайыров «Күнделік» біздің балаларымыздың жеке мәліметтеріне қол сұғып, рухани келбетіне кері әсер ететін, ұлттық қауіпсіздіктің тамырына балта шабуға қабілетті терең проблема.
Балалардың санасы мен ұлттың ертеңіне төнген қауіпті ескеріп, үкіметтен шұғыл әрекет етуі қажет. Жол берілген қателікті жөндеп, балалардың жеке мәліметтерін мемлекетке қайтарып, салада қалыптасқан шетелдік жасанды монополияны бұзып, отандық компаниялар арасындағы еркін бәсекелестікке жол ашу заман талабы, - деді ол.