Депутат міндетті сақтандыру жүйесіне реформа жасауды ұсынды
Депутат Айдарбек Қожаназаров Үкіметке өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру жүйесін реформалауды ұсынды
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Премьер-министр Олжас Бектеновке өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесіндегі проблемаларға қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, қазіргі жүйе әсіресе тәуекелі төмен шағын бизнеске әділетсіз қаржылық жүктеме түсіріп отыр.
Қожаназаров нақты мысал келтірді: жылдық еңбекақы қоры 5 млн теңге болатын, тәуекелі төмен екінші санаттағы шағын офис компаниясының есептік сақтандыру сыйақысы 14,5 мың теңге болуы тиіс. Алайда қолданыстағы нормаға сәйкес компания 85 мың теңге төлеуге міндетті.
Нақты қауіп деңгейі төмен болса да, компаниялар экономикалық тұрғыдан негізделген сомадан алты есе көп төлейді. Бұл айырмашылық сақтандыру компанияларында қалады, – деді депутат.
Оның мәліметінше, Қазақстанда өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесі бойынша 7,1 млн қызметкер сақтандырылған. Соның ішінде 1 және 2-қауіп класына жататын кеңсе қызметкерлері мен әкімшілік персонал саны 1,5 млн адамнан асады.
Алайда 2025 жылы осы санатта небәрі 75 жазатайым оқиға тіркелген. Бұл – сақтандырылғандардың тек 0,005 пайызы.
Салыстыру үшін депутат қауіпті өндірістер жататын 19-қауіп класында 100 мың адамның 727-сі зардап шеккенін айтты. Бұл кеңсе қызметкерлерімен салыстырғанда 146 есе жоғары көрсеткіш.
Соған қарамастан, екі санатқа да бірдей ең төменгі сақтандыру жарнасы белгіленген.
85 мың теңгені тау-кен кәсіпорны да, үш бағдарламашысы бар IT-компания да бірдей төлейді, – деді Қожаназаров.
Депутат қазіргі жүйенің бірнеше жүйелі мәселесін атады. Оның ішінде шағын бизнеске шамадан тыс қаржылық салмақ түсуі, сақтандыру жарнасының ең төменгі жалақыға тәуелді болуы және өндірістік тәуекел деңгейінің ескерілмеуі бар.
Қожаназаровтың айтуынша, ең төменгі жалақы өссе, сақтандыру төлемі де автоматты түрде ұлғаяды. Мысалы, ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге көтерілсе, жарна көлемі бірден 76 пайызға артады.
Сондай-ақ депутат өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру нарығын «монополия қорғалған аса табысты сегмент» деп атады.
Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, 2025 жылы сақтандыру компаниялары ОСНС жүйесі арқылы 136,1 млрд теңге жинаған. Ал зардап шеккен қызметкерлерге небәрі 45,2 млрд теңге төленген.
Сақтандыру компаниялары жинаған қаражаттың үштен бірін ғана төлем ретінде қайтарған, – деді депутат.
Сонымен қатар ол мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін сақтандыруға бюджеттен қомақты қаражат кетіп жатқанын айтты.
Депутаттың есебінше, егер ең төменгі тариф 5 АЕК деңгейіне түсірілсе, бюджет шығынын 43,3 млрд теңгеге дейін азайтуға болады.
Айдарбек Қожаназаров халықаралық тәжірибеге де тоқталды. Оның айтуынша, Ресейде сақтандыру тарифтері 32 тәуекел санатына бөлінген, ал Еуропа елдерінде тарифтер әр саланың нақты жарақат статистикасына қарай есептеледі.
Осыған байланысты депутат бірнеше ұсыныс айтты. Атап айтқанда, ең төменгі сақтандыру жарнасын ең төменгі жалақыдан емес, 5 АЕК-тен есептеу, төлемді еңбекақы қорына және тәуекел деңгейіне байланысты белгілеу, сондай-ақ сақтандыру нормативтерін бекіту өкілеттігін Еңбек министрлігіне беру ұсынылды.
Сонымен бірге ол тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, ОСНС жүйесіне актуарлық аудит жүргізуді және 2025 жылдың соңына дейін тәуекелге негізделген жаңа модельге көшу жөніндегі жол картасын әзірлеуді ұсынды.