Депутат мемлекеттік қызметшілерге жеңілдетілген ипотека енгізуді ұсынды
Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, орта және төменгі буын мемлекеттік қызметшілерге жеңілдетілген ипотеканы енгізуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Парламентарийдің пікірінше, қазіргі еңбекақы жүйесі қызметкерлердің жауапкершілігіне сәйкес келмейді, бұл кадр тапшылығын тудырып, мамандардың мотивациясын төмендетеді.
Өкінішке қарай, бүгінде мемлекеттік қызметшілер қоғам тарапынан сынға ұшырауы қалыпты жағдайға айналды. Сол кезде шын мәнінде мемлекеттік аппараттың атқарушы және ұйымдастырушылық жұмысын жүзеге асыратын мамандар мен бөлім басшыларының жағдайы еленбейді, – дейді Ерлан Стамбеков.
Оның айтуынша, қарапайым қызметкерлер күрделі және жауапты жұмыстың негізгі бөлігін орындайды, алайда олардың еңбекақысы 180 мың теңгеден басталады, бұл жұмыс көлеміне сәйкес келмейді. Енгізілген факторлық-балдық төлем жүйесі қаржылық жағдайды жақсарту шарасы ретінде ұсынылса да, практикада тек басшылық табысын арттырған, ал көпшілік мамандардың жағдайы өзгермеген.
Соның нәтижесінде қарапайым мамандар негізгі әлеуметтік тұрақтылықты, соның ішінде тұрғын үй алу мүмкіндігінен айырылады, бұл кадрларды мотивациялауды төмендетеді, мамандардың кетуіне әкеп соқтырады және реформаларды дискредитациялайды, – деп атап өтті депутат.
Шешім ретінде Стамбеков мыналарды ұсынады:
1. Орта және төменгі буын мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі мен табысы арасындағы алшақтықты жоятын еңбекақы жүйесін әзірлеу.
2. Медициналық қызмет, білім беру және тұрғын үй бойынша әлеуметтік ынталандыру жүйесін енгізу.
3. «Отбасы банкі» арқылы жеңілдетілген ипотека беру мүмкіндігін қарастыру: бастапқы жарнасыз, төмен пайыздық мөлшерлемемен және банктің сыйақысын мемлекет есебінен өтеу.
Мәжілісменнің айтуынша, бұл механизм мамандарды ұзақ мерзімге бекітуге, әсіресе шалғай өңірлерде, және жастарды тиімді ынталандыруға мүмкіндік береді.