Депутат мектеп оқулығына пасха мен масленицаны кіргізгендерді сынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Мақпал Мыса мектептердегі ағылшын тілі пәнінің мазмұнына қатысты сын айтты.

Оның айтуынша, мектептердегі 1-сыныптан 5-сыныпқа дейінгі ағылшын тілін оқытуға арналған оқулықтарға ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан оң сараптама берілген. Бұл оқулықтар Jenny Dooley, Virginia Evans-тың авторлығымен «Экспресс Паблишн» баспасынан басылып шыққан. Сыртқы мұқабасында аударылған деп жазылғанымен, аударма емес екен. 2016 жылдан бері осы баспаның Қазақстандағы ресми өкілі «EDU Stream»  халықаралық білім беру компаниясының басшысы Наталья Мұхамеджанованың жетекшілігімен шығып отырған. Өзгешелігі - Қазақстан балаларының суреттерін пайдаланған.

Кітаптың өне-бойынан қазақтың ұлттық ұғымына, дәстүрлі тәрбиесіне келмейтін, шет елдің идеологиясын насихаттайтын иллюстрациялар мен мәтіндерді көптеп кездестіруге болады. Екінші сыныпқа арналған оқулықта ұлттық дәстүрдің қатарына пасха мен масленицаны енгізіпті. Мұны әрине, қазақстандық мерекелер деп көрсетсе түсінуге болады. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары деп жазылған тақырыпта шілдехана мен баланы қырқынан шығару сияқты салт-дәстүрдің жанында діни мерекелер неге жүр?, - деп күйінді депутат.

Сонымен қатар ол 5-сыныпқа арналған кітапта елде жоқ аңызды ойдан құрап, екі алып баланың оқиғасын баяндайды деп отыр. Ағасы мен інісі жайлы әңгімеде ағасы тастан көпір соғам деп еңбектенеді. Ал інісі екі жіпті ағашқа байлап алып ән айтып жүреді-мыс. Ағасы неге маған көмектеспейсің деп ашуланып, інісінің қолындағы әлгі ағашты тасқа ұрып шағып тастайды дейді. 

Осыдан бастап інісі әнді қойып кеткен екен. Уақыт өте келе таста қалған ізді байқаған бір халық бұл музыкалық аспап екенін анықтайды. Домбыра содан шыққан деп түсіндіреді. Бұл аңызды естігендеріңіз бар ма? Жасалу уақыты 2 мың жылдан ары Кетбұға шерткен «Ақсақ құланнан» бастап, Құрманғазы, Дәулеткерей салған күй дәстүрі бүгінде ғаламшарды аралап жүр. Халқымыз қашанда домбыраны үкілеп төріне ілген. Бұдан арғысын сөз қылудың қажеті шамалы, - дейді Мақпал Мыса.

Осы ретте депутат мектеп бағдарламасында мұндай өрескел қателіктер жіберген оқулықтарға қатысты ұсынысын айтты.

Біріншіден, Білім және ғылым министрлігі білім бағдарламасына енгізген аталмыш ағылшын тілі оқулықтарын қайта сараптап, жіберілген өрескел қателіктерге жауапкершілікті күшейтуді сұраймыз.  

Екіншіден, оқулық әзірлеу оған сараптама жүргізу қағидаттарын жіті қарап, нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын білім және тәрбие компоненттерінің тұтастығы аясында күшейту қажет.

Үшіншіден, оқулық құрастыруда басшылыққа алатын Үлгілік оқу бағдарламасына сараптама жасалып, бағдарлама әзірлеуші топтың құрамын қайта қарау керек. Сараптамалық комиссия құрамына тек ағылшын тілі мұғалімдері емес, балалар психологынан бастап, суретші педагог, этнограф, иллюстратор, қазақ тілі мамандары, әдебиетшілер тағы да басқа мамандарды енгізу қажет.

Төртіншіден, оқулықты басып шығаруда шетелдік емес, өз отандық баспаларымызды қарастыру қажет.

Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру кезеңінде мұндай оқулықтар Қазақстанның болашағына жауап беретін, өз Отанын қадірлейтін ұрпақты тәрбиелеу үшін өте маңызды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы