Депутат мектеп кітапханашыларының жалақысын көтеруді ұсынды

Депутат Еркін Әбіл мектеп кітапханашыларының жалақысын көбейтуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың келтірген мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 8 мыңға жуық мектеп кітапханашысы жұмыс істейді, олардың 30 пайызы шағын жинақталған мектептерде толық емес ставкада еңбек етеді.

Ең жоғары есеппен алғанда 136 мың теңгеден, барлық шегерімдерден кейін, кітапхана меңгерушісі 96 мың теңге қолына айлық алады. Жалпы білім беретін мектептердің штаттарына сәйкес 21 сынып жинақталса, директордың орынбасарлары, психолог, медбике, бухгалтердің 1,5 ставкасы енгізілген. Бірақ бұл норма мектеп кітапханашысына қолданылмайды, олар үшін қосымша ставка тек 30 сынып жиналса енгізіледі, - деді депутат.

Депутат Еркін Әбілдің айтуына қарағанда, бұл жағдай саладағы кадрлардың тапшылығы мен олардың тұрақтамауына алып келіп отыр. Осы мәселелерді ескере келе, депутаттар өз ұсыныстарын айтты:

  • мектеп кітапханашыларының еңбекақысын мәдениет саласындағы кітапханалардағы еңбекақы деңгейіне дейін арттыру туралы мәселені шешуді, Үкіметтің тиісті қаулыларына өзгеріс енгізуді.
  • мектеп кітапханасының бір қызметкеріне жүктеме нормативтерін қайта қарап, мектеп кітапханасы меңгерушісінің 14 сынып жинақталса, бір ставка, 21 сынып жинақталса - 1,5 ставка, 28 класс  жинақталса, 2 ставка өлшемшарттарын бекіту.
  • оқу қорымен жұмыс істегені үшін 30 пайыз қосымша төлемдерді негізгі лауазымдық жалақысы емес лауазымдық жалақынан есептеп, есептеу тәртібін қайта қарастыруды ұсынды.

Депутат осыған қатысты сауалды Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға жолдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы