Депутат мектеп бухгалтерлері ақшаны қалай жымқыратынын айтты

Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы білім саласындағы жемқорлық жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат осы мәселеге қатысты сауалын Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдады.

Соңғы кездері білім саласында миллиардтаған теңгені құрайтын қаржы жымқырудың көптеген фактісі туралы хабардар болып жүрміз. Ең ауыры, бұл қаражаттарды жымқырушылар қатардағы бухгалтер-есепшілер. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің мәліметі бойынша, осы саладағы жосықсыз есепшілер қолданатын заңсыз схемалар - жалақы қорынан ақша жымқыру фактілері, - деді мәжілісмен.

Болатбек Нажметдинұлы есепшілер ақшаны қандай жолмен ұрлайтынын атады.

Олар:

  • Заңсыздыққа жол беріп, өз жалақысынан әлдеқайда жоғары жалақы тағайындалады.
  • ресми тіркелмеген адамдарға жалақы аударылып келді;
  • Қызметкер пен оның карточкасы біріздендірілмеген. Яғни Пәленше жұмыс істейді, ал жалақысы Түгеншеевке аударылады;
  • Бір қызметкерге заңсыз әрі бірнеше қаржы аударылуы;
  • Сондай-ақ туыстары мен достарына ақша аударған.

Ол бұл фактілердің не себептен болуы мүмкін екенін атап өтті. 

Бірінші. Жүйелі бақылаудың болмауынан, әлі де орталықтан, ауданға, ауданнан ауылға дейінгі жүйелі байланыс орын алмай тұр. Екінші. Кедергісіз ұрлықтардың орын алуына қазіргі еңбекақыны есептеу және төлеу жүйесі де ықпал етті. Жергілікті қаржылық есепте ашықтық жоқ. Бұл "өлі жандарды" жұмыста ұстауға ғана емес, сонымен қатар "виртуалды" жұмысшыларды жұмысқа алуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, Алматы, Түркістан облыстары, Талдықорған және Қызылорда қалаларының есепшілері сотталды, - делінген Мәжіліс депутатының ресми сауалында.

Депутат қылмыстары анықталған азаматтардың суицидке барып жатқанын да қоса кетті.

Бұл, өкінішке қарай, "қылмыстық марафонды" әшкерелеудің бастамасы ғана. Антикордың мәліметі бойынша, білім беру саласы көп жылдар бойы нағыз сыбайлас жемқорлықтың ордасына айналған. Тіпті, жүйеде жұмыс істейтіндер де, оны тексеретіндер де пара алды. Жақында ғана Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының бас инспекторының 26 миллион теңгені заңсыз алғандығы да анықталды, - дейді Болатбек Нажметдинұлы.

Депутат білім саласындағы бақылау комитетінің Оқу-ағарту министрлігі құрылымында орналасуына байланысты салалық бақылаудың сапасы төмен екенін сынады.

Бұл жағдай тек "ақшаға" қатысты емес екенін атап өткім келеді. Қазақстанның болашағы үшін білім беру саласы – әлеуметтік-экономикалық дамудың стратегиялық саласы. Балаларымыздың білім сапасы саладағы жағдайдан зардап шегуде және бұл шығынды монетизациялау мүмкін емес, - деп атап өтті депутат.

Ол білім беру ұйымдарындағы бухгалтерлік есептің бизнес-процестерін, яғни жүйесін қайта қарастыруды және керек болған жағдайда бақылаудың тиімділігін күшейту үшін қайта аудандық, қалалық әкімдіктерге тікелей басқаруына, сол үшін бюджеттік кодекске басқа заңнамаларға сәйкестендіруді ұсынды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы