Депутат құтқарушылар үшін Үкіметтен тұрғын үй төлемдеріне ақша бөлуді сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің 40%-дан астамы тұрғын үйге мұқтаж. Бұл туралы Парламент Cенаты жалпы отырысында Сергей Ершов Премьер-министр Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Бұл салада штаттық қызметкерлердің саны 19 мыңнан сәл асатын болса, соның 7800-і тұрғын үйге мұқтаж. Яғни 40 пайызының баспанасы жоқ. Тұрғын үй төлемдеріне республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу қажеттілігі жылына шамамен 8,6 млрд теңгені құрайды. Өйткені құтқарушылар мен өрт сөндірушілер үнемі жауынгерлік дайындықта болады және экстремалды жағдайда бірінші болып көмекке келеді. Төтенше жағдайлар жөніндегі уәкілетті орган қызметкерлерін әскери қызметшілермен, ішкі істер органдары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерімен теңестіру бойынша тұрғын үй төлемдерін алушылар қатарына қосу туралы бастамашылық жасауыңызды сұраймыз, - деді Ершов.

Ол сонымен қатар төтенше жағдайлар органдарының материалдық-техникалық жабдықталуына назар аударды.

Төтенше жағдай органдары материалдық-техникалық тұрғыда жабдықтау ісінде қаржы жеткіліксіз бөлініп келеді және қолданыстағы нормативтердің 58%-дан сәл ғана асатын деңгейді құрап отыр. Халықты және еліміздің қауіпсіздігін қорғау үшін әлеуметтік нысандар құрылысына жұмсалатын шығындар да қысқаруда. 2022 жылға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде азаматтық қорғау органдарын тиісті материалдық-техникалық жарақтандыруға бағытталған қаржыландыруды қарастыру қажет, - деді депутат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы