Депутат кәсіпкерлерге берілетін несиедегі шектеуді қысқартуды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Сырым Ертаев «Даму» қоры өндірістік бағдарламасының лимиті және пайыздық субсидиялар мәселелеріне қатысты депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдады.

Айтуынша, «Даму» кәсіпкерлік қоры бойынша өндірістік бағдарламасы жыл сайын кәсіпкерлерді қолдауға 6%-бен несие береді. Бірақ шектеулері де бар. Атап айтқанда, 1 млрд 850 млн теңгеге дейін. Бұл бағдарлама 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Лимиті ашылғаннан бері өзгермей, сақталып қалған.

Салыстырмалы түрде 2014 жылы доллар құны 180 теңге болатын. Қазіргі доллар құны 2,5 есеге өскен. Зауыт, фабрика, техникаларды шетелден доллармен алуды ескерсек, өзгермеген лимит сомасы тым аз.

Депутат атағандай, бұл экономиканың қарқынды өсуіне тікелей әсерін тигізіп отыр. Сол себепті лимитті өсіру керек.

Мысалы, 2-3 жыл бұрын өндіріс бағдарламасы бойынша несие алған кәсіпкер өндіріс орнын одан ары қарай ұлғайту үшін қайта несие сұрайтын болса, кәсіпкерге несие берілмейді. Сондай-ақ жаңадан өндіріс орнын ашатын кәсіпкердің жобасы лимиттен жоғары болса, онда ол да бағдарлама бойынша қолдау таппайды. Президент халыққа Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 млрд долларға жеткізу, ал еңбек өнімділігін 30%-ға арттыру қажеттігін айтқан болатын, - деді Сырым Ертаев.

Мәжіліс депутаты Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында да шикізаттық емес экспортты 2,5 есеге ұлғайту көзделгенін атап өтті.

Осы бағдарламаларды іске асыру үшін өндіріс орындарын қолдамасақ, қаржы бермесек, біз қалай қарқынды дамытамыз? Бұл мәселені өндіріс бағдарламасы бойынша лимитті 5 млрд-қа көбейтуді 6 ай бұрын комитет отырысында көтерген болатынбыз. Ол әлі қаралып жатыр. Сонымен қатар банк пен қор арасындағы жүйені де өзгерту керек. Өйткені кәсіпкер несиені 16%-бен алады. Мемлекеттен берілетін 10%-дық субсидияның түсуін күтіп, қаражатты тауар өндірушіден емес, кәсіпкер несиені төлеуге жұмсайды. Бұл мәселе қор мен банк арасында өзара шешілсе, онда кәсіпкер алаңдамай өз жұмысын істейтін еді, - деп толықтырды депутат.

Ертаев жоғарыда баяндалған негіздемені кәсіпкерді қолдау мақсатында «Даму» қорынан өндіріс бағдарламасы бойынша аталған шектеуді мүлдем алып тастап немесе 5 млрд-қа көбейтуді сұрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы