Депутат интернетте ақша тауып, салық төлемей жүрген блогерлер туралы айтты
Депутат Анас Баққожаев интернетте ақша тауып, салық төлемей жүрген блогерлер туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасын талқылап жатқанын еске сала кетейік.
Депутаттың сөзінше, интернеттің дамуына байланысты қоғамдық қатынастар кеңейіп, қарыштап қадам басып келеді.
Интернет ортаның қаншама оңтайлы тұсы болса да, руханият, тіл, балаларды қорғау, экономика және тағы да басқа маңызды бағыттарға кесапаты жоқ деп айта алмаймыз. 2022 жылы жалған ақпарат таратумен байланысты 5 545 факті анықталды, оның ішінде 278-і деструктивті сипатта. 5 267 факті – алаяқтық белгілеріне (фишинг), 2 846-і қаржы пирамидаларын жарнамалауға қатысты болды, - деп айтты Баққожаев.
Депутат атап өткендей, еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, адамның ар-ожданы мен абыройын «тырналайтын» құбылыстың белең алып бара жатқаны да жасырын емес.
Онымен қоса Қазақстанда қызмет ететін онлайн-платформалар мемлекеттік тіл бойынша қойылатын талаптарды толық орындамайды. Сонымен қатар өздерінің интерфейсі мен контенті мемлекеттік тілге автоматты түрде аударылмайды. Бұл мәселенің экономикалық аспектілерін де бар. Мемлекет қазынасының толуы – халық мүддесіндегі мәселе. Бірақ Қазақстанның интернет аудиториясын кеңінен пайдаланып, пайда тауып, ақша тауып жергендердің арасында салық төлемей жүрген азаматтар аз емес. Оларды біз білеміз, - деді ол.
Баққожаевтың айтуынша, сондай блогерлердің дегеніне еріп, шатасып, алдау мен арбаудың залалына шалдыққан интернет тұтынушылардың құқық қорғау мәселесін де ұмытпаған жөн.
Естеріңізге сала кетсек, Мәжілістің жалпы отырысында депутат Анас Баққожаев блогерлердің мәртебесін айқындайтын заң қажет екенін алғашқылардың бірі болып ұсынған болатын.