Депутат: Халықты отандық азық-түлікпен қамти алмай отырғанымыз қабырғамызға батып жатыр

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай осындай пікір айтып, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа сырттан келетін азық-түліктің сапасына қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлтай атап өткендей, халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету - біріншіден БҰҰ-ның ең маңызды мақсаттарының бірі.

Бүгінгі таңда елімізде импортқа тәуелділік бар. Халқымызды 100 пайыз отандық сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай отырғанымыз қабырғамызға батып жатыр. Сырттан келіп жатқан талапқа сай емес азық-түліктің пайызы күн сайын өсіп жатыр. Соған сай шекара түбіндегі сертификатталған зертханалардың олардың барлығын бақылауға, зерттеуге мүмкіндік келмей жатқаны белгілі. Осы тұрғыда күмән туғызатын тамақ өнімдерін әкелу кезінде уәкілетті органдар бақылауды күшейтіп, шектеу шараларын қабылдау жөнінде қандай жұмыстар жүргізіп жатыр? Ішкі нарықты осындай өнімдерден қорғау үшін тағы қандай қосымша бақылау шараларын қарастыру қажет? – деп сұрады депутат министрден Үкімет сағатында.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, біріншіден, шекарадағы зертханада жабдық жағдайы нашар.

Бес ғана компоненттен белгілей аламыз. Былтыр күзге қарай жылдың аяғында резервтен қаржы сұраған болатынбыз. Биыл жылдың бастында Үкімет қолдап, 3,8 млрд теңге бөлді. Қазір соған үлкен бірнеше кездесулер өткіздік. Балтық елдеріне, шет елдерге бардық. Бізге қандай хромотогроф құрал-жабдығын алу керек екенін көріп келдік. Қазір оны таңдап белгілеп қойдық. Конкурс өтеді. 9 хромотогроф, әсіресе шекара облыстарға импортты тексеруге бізге мүмкіндік болады, - деді министр.

Сапаровтың айтуына қарағанда, Қазақстан ЕАЭС құрамында болғандықтан оны тоқтатып тастай алмайды.

Десе де біз зертханана сараптамасы бойынша біз сәйкес келмейтін тұстарын айта аламыз және сүтті кері қайтарып жібере аламыз. Сондықтан бізге бұл жақсы қолдау болар еді. Бүкіл зертханаларымызды қамтамасыз етуге тағы бюджетке 7,1 млрд теңге сұраныс беріп отырмыз. Соны берсек, 2025-2027 жылдарға дейін біраз құрал-жабдығымызды жаңартып алар едік. Кадр мәселесі де бар. Басқа да проблемалар бар, жалақы төмен. Оны да заңға кіргіземіз, - деп айты Ауыл шаруашылығы министрі Үкімет сағатында депутаттың сұрағына жауап бергенде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы