Депутат эстрадада, айтыста, спортта дінді жамылып, елді бұзып жүрген «ұстаздар» туралы айтты

Теріс діни ағымдар ең қымбат - ана деген аяулы атпен қатар аталатын «шеше» деген қастерлі атауға қара күйе жағып, «ұстаз» деген ұлағатты атаудың мәнін құртты. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Қазыбек Иса депутаттық сауалында дін мәселесін көтеріп, діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез жеткенін айтты. Сөзінше, «Ақ жол» партиясы талай жылдан бері діни радикалды теріс ағымдарға заңмен қатаң тосқауыл қою туралы ұсыныс жасап келеді.

Он екі жыл бұрын 2011 жылы бұл мәселені билік қолға алып, барлық министрлік, Бас прокуратура мен Жоғарғы Сот та қолдағанда, тек Ұлттық қауіпсіздік комитеті келіспей, осы тыйым салу заңға енбей қалды, - деді ол.

Қазыбек Исаның сөзінше, мұны сол кезде Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған конференцияда радикалдық теріс ағымдарға қарсы заң қабылдауға олар ғана қарсы болғанын және арамшөптің тамырын жоймаса, тек бетін ғана шапқан болса, ол қайта қаулап шыға беретінін айтқан. Ол осы мәселені газетте бірнеше рет көтергенін еске салды.

Мен өзім осы жасымда кешеге дейін мұрты жоқ сақалдыларды көрген жоқпын. Мұрты жоқ, тек сақалы сапсиып тұрған Ер Махамбетті, Ұлы Абай, Жамбыл, Әлихандарды елестете аламыз ба?! Ал қазір шет елге барып, күмәнді оқуларда бірер ай оқып келген теріс ағымды «ұстаздар» осы ұлыларымыздан ақылы асып, тасып келгендер ме? Қазір ән әлемінде, айтыста, спортта да тайраңдап жүрген жат ағымның өкілдері дінді жамылып алып, әріптестері мен олардың әнсүйер, жанкүйерлеріне өз «салттарын» кіргізіп жатқаны белгілі, - деп айтты Қазыбек Иса Мәжілісте.

Депутат атап өткендей, өткен 30 жылдық теріс саясат қазақтың «нұр» деген жалынды сөзін жағымсыз сөзге айналдырса, теріс діни ағымдар тіпті, ең қымбат, ана деген аяулы атпен қатар аталатын «шеше» деген қастерлі атауға қара күйе жағып, «ұстаз» деген ұлағатты атаудың мәнін құртты.

Діни теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз-ақ мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, елге қауіпті күштерге айналдырып жатыр. Дінге, тілге қарсы елбұзар теріс ағымдардың бәріне тосқауыл қойылуы тиіс. Ел үшін ең қымбат ұлттан, адам үшін ең аяулы – әке-шешеден, қазаққа ең адал домбырадан садаға кеткір харам пиғылдылардың еркін тарап жатқан ел түбіне жетер вирусын шұғыл заңмен тоқтататын кез жетті, - деп ойын айтты депутат.

Фракция депутаттары ұлттық мүддеміз бен дәстүрімізге, ел бірлігіне балта шауып, мемлекетке тағы да қатер төндіріп жатқан діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салу қажеттігін айтып, сауалын Премьер-министр мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасына жолдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы