Депутат Ертіс өзені суының азаюынан туындайтын проблемаларды айтты

Жайылма шабындықтардың су басу алаңы 80%-дан 30%-ға дейін азайып кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жайылма жерлердің жай-күйі, балықтың уылдырық шашуы және жем-шөп дайындау нашарлап барады. Сенатор Ернұр Әйткенов өзінің депутаттық сауалында Ертіс өзені суының азаюынан туындайтын проблемалар туралы жария етті.

Депутаттың айтуынша, соңғы үш жылда Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аумағы су аз кезеңге тап болды. Парламентші қазір Үкімет бұл мәселеге ерекше назар аударып, бірқатар кешенді шараларды жүзеге асыруы тиіс деп санайды.

Павлодар жайылмасын кепілді түрде су басу үшін көктемгі кезеңде уақтылы су жіберуді, сондай-ақ Шүлбі су қоймасының сыйымдылығын 2-ден 3 текше километрге дейін ұлғайту үшін құрылыс жұмыстарын жүргізуді ұсынамыз. Болашақта пайдалы сыйымдылықты 6 текше километрге дейін жеткізе отырып, Шүлбі су қоймасының екінші кезегін салуды жоспарлау керек. Бұл шаралар Шүлбі су қоймасына қосымша көлемді қамтамасыз етеді және Бұқтырма су қоймасындағы жанама су ағыны мен толтырылуына қарамастан табиғатты қорғау үшін тұрақты түрде су беруді қамтамасыз етеді, - деді сенатор.

Депутат сонымен қатар Ертіс бассейнінде орналасқан Қаныш Сәтбаев атындағы канал инфрақұрылымының техникалық жай-күйіне алаңдаушылық білдірді. Депутат халыққа, өнеркәсіпке және ауыл шаруашылығының мұқтажына үздіксіз су беруді қамтамасыз ету үшін сорғы станцияларын, гидротехникалық құрылыстарды техникалық жарамды күйде ұстау мақсатында оны қайта жаңарту мен жаңғырту қажеттігі пісіп жетілді деп есептейді.

«Қазсушар» РМК «Қ. Сәтбаев атындағы каналдың» филиалына тиесілі №4 су торабының №87 бөгеті апатты жағдайда тұр. 2019 жылы жаңғырту жұмыстары жүргізілген болатын, алайда жұмыстар сапасыз атқарылды және толық көлемде жасалмаған. Бүгінгі күні арнаның техникалық жағдайы нашар және қайта жаңғыртуды қажет етеді. Кемшіліктер апатқа ұшыруға және құйылатын құрылыстардағы технологиялық тізбектің бұзылуына әкелуі мүмкін. Өйткені бөгетті Павлодар облысы әкімдігі мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мамандарды тарта отырып тексерген кезде бөгет аумағының бұзылғаны анықталды, - деді Ернұр Әйткенов.

Депутат осыған байланысты Үкімет басшысынан аталған проблемаларға назар аударуды және су айдынының толып кетуін төмендетуге байланысты дағдарыс жағдайын болдырмауға мүмкіндік беретін Ертіс өзенінің су ресурстарын сақтау жөнінде уақтылы шаралар қабылдауды сұрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы