Депутат ерекше баланың ата-анасын зейнетке ерте шығаруды ұсынды
Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков ерекше бала ата-анасын ерте зейнет жасына шығаруды ұсынып, Үкімет басшысына сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әрбір ана бала денсаулығы үшін жұмысын да, басқа шаруасын да тастап тау асып, шоқ басуға дайын. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін күнделікті терапиясы, ем-шарасы, гимнастикалық жаттығулар, медициналық оңалтулар, бассейн немесе тағы да басқа қажетті ем-домдары бар. Қалада тұратындар үшін бұның өзі ауыр. Ал ауылдық жерде тұратын ата-аналар үшін бұл үлкен қиындық. Бала кезінен мүгедектігі бар, тіпті өздігінен тамақ та ішпейтін, сөйлей де алмайтындары қаншама. Туабітті сал ауруына шалдыққан баланы аяқтан тұғызамын деп тек аналар ғана мақсат қояды. Баланың түнімен жылағаны – қиындықтың бер жағы ғана. Тәулігіне бірнеше рет ес-тұсынан айрылып, талып қалатындар бар, - деді депутат.
Серіков бұл ата-анаға физикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар психологиялық тұрғыдан да ауыр екенін айтты.
Депутаттың айтуынша, елімізде 113 мыңға жуық мүгедек бала бар болса, оның 40 пайызы ауылдарда.
Депутат мынадай ұсыныстар айтты:
- Ерекше бала ата-анасын ерте зейнет жасқа шығаруды;
- Ата ананың біреуін педагог-ассистент, әлеуметтік қызметкер маманыдығына қысқа мерзімде оқытуды;
- Ерекше бала ата-анасының біреуінің зейнет қорына мемлекет тарапынан тұрақты түрде қаржы салуды;
- Балаға күтім жасаған жылдарын еңбек өтілі деп есептеуді сұраймыз.