Депутат ерекше балаларға арналған "Жайлы мектептердің" құрылысын бақылауға алды

Мәжіліс депутаты, "АМАNАТ" партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Әбдиев Түркістан қаласындағы "Жайлы мектеп" жобасы аясында салынып жатқан 2000 орындық білім беру мекемесінің құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 49 мың оқушыға арналған 63 мектеп салу жоспарланған. Түркістан қаласындағы «Жаңа қала» шағын ауданында 2 мың орындық заманауи мектептің құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған еді. Жобаның құны 8 млрд теңге, ал мектептің жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайды. Білім ордасын жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.

Білім ошағының құрылысы кестеге сай қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен аты «Жайлы мектеп» болғандықтан, ол барлық жағынан жайлы, қолайлы болғаны дұрыс. Мен бастапқы жобада екі лифт болғанын байқадым, бірақ тапсырыс беруші оны қайта түзетіп, біреуін қалдырыпты. 2000 балаға бір ғана лифтінің болуы ақылға сыймайды. Осы жайтты қайта қалпына келтіруді ұсынамын. Одан бөлек мүгедектігі бар адамдарға арналған механикалық сатыны пандусқа айналдырған жөн. Өйткені көп жағдайда механикалық саты тез бұзылады және оны үнемі бір маман қадағалап отыруы керек, - деді депутат.

Құрылыс жұмыстарының барысы туралы «АМАNАТ» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев пен «Каратас Майнинг» ЖШС мердігер компания өкілдері баяндады. Сондай-ақ депутат жаңа мектеп құрылысының аяқталуын асыға күтіп жүрген жергілікті тұрғындармен де тілдесті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы