Депутат елдегі туризмді дамытудың жолдарын ұсынды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутат Сұлтан Дүйсембинов Үкімет басшысына туризм саласына қатысты сауал жолдады.
Бүкіл әлемдік пандемия салдарынан халықаралық туризм 2020 жылы 74%-ға дейін қысқарды. Қазақстанда ішкі туризмнің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылды. Статистика деректері бойынша 2020 жылы еліміздегі орналастыру орындарында 3,5 млн адамға қызмет көрсетілді. Мәселен, Алматы облысы әкімдігінің деректері бойынша 2021 жылдың 1 қазанына дейінгі аралықта облысқа 2,2 млн адам келген. Оның ішінде 60%-ы Алакөл көлінің жағалауында, 23%-ы облыс аумағында орналасқан 5 ұлттық паркте демалды, - деді Сұлтан Дүйсембинов.
Айтуынша, бұл мемлекеттік ұлттық парктерге келетін барлық туристік ағынның 76%-ын құрайды.
Соңғы 3 жылда Алматы облысында 116 жаңа орналастыру объектілері пайдалануға берілді. 146 млрд теңгеге жеке инвестициялар салынды. 2021 жылы республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен 80 млрд теңгеден асатын жобаларды жүзеге асыру қарастырылған. Алайда Алматы облысында туризм саласын дамыту бойынша бірқатар мәселені шешу қажеттілігі туындап отыр. Бірінші, тау-шаңғы курорттарында қау жаудыру жүйелерінің жұмыс істеуі үшін су тарту мәселелері Алматы тау кластерінің Талғар локациясында расталған су қоры елді-мекендер мен жұмыс істеп тұрған туризм объектілерінің ғана қажеттілігін жабады. Осыған байланысты қосылып жатқан объектілер және басқа курорттардың қажеттіліктері үшін су қорына гидрогеологиялық зерттеулер жүргізу қажет, - деп айтты ол.
Сенатордың сөзінше, Шарын локациясында ыстық бұлақтардың соңғы гидрогеологиялық зерттеулері 1985 жылы өткізілген. Ал қазіргі кезде болып отырған ұңғымаларды бақылаусыз бұрғылау минералды су қорларының тартылуына әкелуі мүмкін.
Екінші, аумақтарды рекреациялық жүктемесінің рұқсат етілген нормаларын сақтау мақсатында ұлттық парктер қызметінің әлемдік тәжірибесіне сәйкес парктерге келуге арналған күн сайынғы квоталарды бөлу тетігі арқылы туристік ағындарды реттеу есебінен антропогендік әсерді азайтумен қатар, туристік өнімнің құндылығын арттыруға, инфрақұрылымға, жыл бойғы жүктемені беруге, қаржыландыруды жоспарлауға және адами ресурстарды тартуға мүмкіндік береді. Үшінші, Алакөл көлінің жағалауында инженерлік инфрақұрылымды дамыту маңызды болып отыр. Қолданыстағы электрмен жабдықтау желісінің шекті жүктемесінің төмендігіне байланысты 2021 жылдың жазында жүктеме 6,72 мегаватты құрады, ал шекті жүктеме 5,5 мегаватт болғандықтан кейбір жерлерде электр қуаты тапшы болды. Сондықтан оңтүстік-шығыс аумақты электрмен жабдықтау жобасына сәйкес Ақтоғай стансасында жалпы ұзындыңы 272 шақырым электр беру желілерін және трансформаторлардың қуатын ұлғайту қажет, - деп түсіндірді сенатор Сұлтан Дүйсембинов.
Депутаттың айтуынша, төртінші мәселе – туристік объектілерде ұялы байланыс операторларының стансалары болғанымен, олардың қуаты бүкіл Алакөл жағалауын қамти алмайды. Осы орайда ұялы байланыс операторлары стансалардың ауқымын арттыру туризм объектілері үшін жеңілдікті бағалар мен жоғары жылдамдықты интернет желілерін жүргізу жолдарын қарастыру керек.
Бесіншіден, Алакөл жағалауында қоғамдық-қауіпсіздік бейнекамераларымен қамтамасыз етумен қатар, демалушылардың денсаулығы мен өміріне көлдегі жүзу құралдарының бақылаусыз қозғалысы қауіп төндіруде. Сол себепті қозғалысты бақылау жөніндегі инспекторлардың маусым кезінде штат бірліктерін бөлу маңызды.
Алтыншыдан, Балқаш көлі – жағажайлық демалыстың ең танымал бағыты. Қазіргі кезде осы аумақты дамытуға қатысты жоспар әзірленген. Алайда инфрақұрылымдық мәселелер шешімін таппай отыр. Осы туристік объектілерге бару үшін халықтың басым көпшілігі автокөлік құралдарын пайдаланады. Ал Талдықорған-Өскемен-Үшарал-Достық және Талдықорған-Балқаш автокөлік жолдары құрылысының созылуына байланысты жол жүрушілер қиындық көруде.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, туристік объектілерді дамыту үшін Үкімет кешенді түрде шаралар қабылдауы қажет деп санаймыз, - деді депутат.