Депутат елдегі төтенше жағдайларға бөлінетін бюджет қаржысын сынға алды

Депутат Жанна Асанова Сенаттың жалпы отырысында мемлекетті бейбіт уақытта жұмылдыруға дайындаудың маңыздылығы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, Қазақстан соңғы бірнеше жылда еліміздің қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігін күшейтуде айтарлықтай жұмыс жүргізді. Сонымен қатар пысықтауды және шешуді талап ететін мәселелер де бар. Көптеген мемлекеттік органда жұмылдыру құрылымын министрдің орынбасарлары, орынбасарлар, аппарат басшылары қадағалайды. Алайда жұмылдыру дайындығы туралы заңға сәйкес мұндай бөлімшелер мемлекеттік органның бірінші басшысына тікелей бағынуға тиіс. Сонымен қатар бұл салада білікті мамандардың мүлдем жетіспейтіні анықталды.

Жұмылдыру жоспарында мемлекеттік органдарға берілетін жұмылдыру міндеті мен жұмылдыру тапсырысы белгіленген. Бірақ оларда өндірістік, қаржылай, қойма мүмкіндіктері әрдайым бола бермейді. Сондықтан жоспар жасаудан бұрын ұйымның материалдық-техникалық және қаржылай мүмкіндіктеріне талдау жасау қажет. Мемлекеттік органдар Мемматрезервтің материалдық құндылықтарын сақтау номенклатурасы мен көлемін қалыптастыруға мүдделі емес. Сондықтан олар қажеттіліктердің ауқымды тізімін береді. Оны жұмылдыру резервіне толық енгізу мүмкін емес. Төтенше жағдайлар министрлігі үшін бөлінетін лимиттер мен бюджет қаржысы жұмылдыру резервін қамтамасыз етудің қажетті деңгейіне жетпейді. Сондықтан жұмылдыру резервіне материалдық құндылықтарды сатып алудың басымдығы күшін жояды және резервті жинақтаудың жалпы пайызы белгіленген көлемге жетпейді, - деді Жанна Асанова Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.

Сенатор осыған байланысты жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын қалыптастыру, сақтау жөніндегі функцияларды мемлекеттік органдарға беруді ұсынды. Ол әрбір мемлекеттік органға жұмылдыру тапсырысын орындау үшін қажетті тауарлардың атауы мен көлемін айқындау жөніндегі есептеу нормативтерін әзірлеу және бекіту құзыреттері бекітілуі тиістігін алға тартты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: senate.parlam.kz
Өзгелердің жаңалығы